Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттері ҚР Ұлттық музейінде
Музей өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты жалғастырар мәңгілік көпір десек те болады. Өркениетті елдердің бәрінде дерлік ұлттық музейлер ұлттық мақтаныш, рухани орда болып саналатыны белгілі. Музей ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына және рухани баюына ықпал етеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы – тек еліміздің ғана мақтанышы емес, Ол — Орталық Азиядағы ең үлкен мұражай. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы негізінде 2014 жылдың 2-шілдесінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен ашылған Астана төріндегі алып ғимарат сыртқы келбетімен қатар, ішкі залдарының көз тартар көркемділігі мен көне тарих қатпарларынан сыр шертетін құнды жәдігерлерімен де келушілерді күннен-күнге таңырқата түсуде.
ҚР Ұлттық музейінде кезекті рухани іс-шараны Ғылыми әдістемелік жұмыстар бөлімі, Әдістеме және музейтану секторы 2018 жылдың 28 қарашасында сағат 11:00 — де ғылыми кітапханада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі деканның орынбасары Татьяна Васильевна бастаған бір топ студенттермен «Ұлттық музейге саяхат» атты кездесу ұйымдастырды.
Кездесу барысында студенттерге музейге байланысты ақпараттар берілді. Шарада Ғылыми әдістемелік бөлімнің, Әдістеме және музейтану секторының жетекшісі Меруерт Оразбайқызы және ғылыми қызметкер Рыстай Бүркітбайқызы мен Екатерина Павловна музейге байланысты баяндама жасады. Студенттер өздерін қызықтырып жүрген сұрақтарына жауап ала алды. Кездесуден соң студенттер ғылыми қызметкерлер отыратын бөлімге саяхат жасады.
Шарадан студенттер үлкен әсер алып, тарихымызға тағы бір мәрте қанығып рухани сусындап қайтты. Болашақта осындай кездесулер үнемі жалғасын таппақ.
Рыстай Қорғасбекова,
ҚР Ұлттық музейінің кіші ғылыми қызметкері