Квебектегі кәсіпқой боксшылар кешінде отандастарымыз өнер көрсетеді

0
128

Кәсіпқой рингтегі жеті кездесудің барлығын жеңіспен аяқтап, алты қарсыласын нокаутпен ұтқан екінші орта салмақтағы 24 жастағы Нұрзат Сабиров Рокки Монтойя Почекомен күш сынасады. 36 жастағы Мексиканың өкілі 34 мәрте шаршы алаңға көтеріліп, 32 рет басымдық танытты. 22 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Монтойяның кәсіпқойлар арасында жүргеніне 20 жылдан аса уақыт өтсе де, ол тек бір рет қана WBC нұсқасының өңірлік алтын белбеуі үшін таласқан екен. Алайда сол кездесуде айтулы боксшы өзінің отандасы Давид Лопестен ұтылып қалды.

Жастар арасындағы әлем чемпионы, 20 жастағы Садриддин Ахметов биылғы жылдың көктем айынан бері кәсіпқойлар арасында өнер көрсетіп жүр. Соған қарамастан ол өзін жақсы қырынан көрсетіп, көрермендердің көзайымына айналып үлгерді. Әзірге төрт рет қана рингке шыққан қандасымыз барлық жекпе-жегін айқын жеңіспен аяқтады. Енді бірінші жартылай орта салмақтағы Садриддин Ахметов мексикалық Жозе Франсиско Зинигамен айқасады. Ол 27 жаста. Кәсіпқойлар арасында жұдырықтасып жүргеніне жеті жылдан асты. Сол уақыт аралығында 27 кездесу өткізген Зинга 14 рет жеңіске жетті. 5 қарсыласын нокаутқа жіберді. 11 мәрте ұтылып, тағы екі бәсекеде тең есеп тіркелді.

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»