Күзгі демалыс қашан басталады
Қысқа сілтеме алу
Бірінші тоқсан соңына дейін үш аптадай уақыт қалды. Тоқсан аяқталған соң оқушылар бір апта күзгі демалысқа шығады
НҰР-СҰЛТАН, 11 қазан — Sputnik. Қазақстан мектептерінде бірінші тоқсан аяқталуға жақын. Оқушылар 28 қазаннан бастап күзгі демалысқа шығады.
Білім және ғылым министрлігі 2019-2020 оқу жылына арналған оқушылар демалысының мерзімін бекітті. 2-11-сынып оқушылары 34 апта оқиды және 30 күн демалады. Ал 1-сынып оқушыларына қыста қосымша каникул қосылып отыр. Сондықтан олардың оқу мерзімі — 33 апта.
Қысқы демалыс қашан басталады
Екінші тоқсан 4 қарашада басталады. Оқушылар қысқы каникулға 30 желтоқсан күні шығады. 2-11-сынып оқушыларында 30 желтоқсан – 8 қаңтар аралығында демалыс болады. Ал 1-сынып оқушыларына ақпанда қосымша демалыс беріледі. Сондықтан олар 30 желтоқсан – 8 қаңтар және 3-9 ақпан аралығында демалады.
Көктемгі демалыс қашан басталады
Оқушылардың көктемгі демалысы 21 наурыз — 2 сәуір аралығына бекітіліп отыр. Төртінші тоқсан 3 сәуір басталады.
Ең ұзақ, яғни жазғы демалыс соңғы қоңыраудан кейін 26 мамырда басталады.
sputniknews.kz