«Күзетшіден таяқ жедім»: Нұр-Сұлтанда құжатын полицейлер алып қойған әжей көшеде түнеп жүр — Қазақстан жаңалықтары

0

Елордада құжатсыз кейуана көше кезіп жүр. Оның туу туралы куәлігі мен жеке төлқұжатын полиция қызметкері алып қойып, қайтармай қойған. Қартайып, қызық көрер шағында далада қаңғып қалған әжейдің күйі әлеуметтік желіде тарады. Шарасыз Бақыт Әубәкірова «Еуразия бірінші арнасынан» көмек сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бақыт Әубәкірова осыған дейін қалалық бейімдеу орталығын паналаған. Алайда ол жерде де күзетшіден зәбір көріп, қашуға мәжбүр болыпты. 

«Бейімдеу орталығында тұрдым, ол жерден де қуып жіберді. Құжат жоқ. Күшетші мені ұрды», — деді ол.

60-ты алқымдаған Бақыт апа жетімдер үйінде өскен. Кейін тұрмыс құрып, ажырасып кеткен. Екі баласының қамымен жүргенде бірі аяқасты өмірден өткег. Екінші перзенті де істі болып, қазір Ресейде түрмеде жатыр екен. Енді жалғыз қалған кейуана қызық көрер шағында құжатсыз көше кезіп жүр.

«Оңтүстік Шығыста полиция бар. Қанат деген бала. Құжаттарымды алып қойып, өткен жылдың жазынан бері бермей жүр», — деді Бақыт Әубәкірова.

Қанат есімді полиция қызметкері өткен жазда кейуананың үйсіз, күйсіз жүргенін көріп, құжаттарын алып қойғанға ұқсайды. Қандай оймен, не мақсатта екенін ішкі істер министрлігі анықтап жатыр.

«Барамын, барамын, қашады. Ұстай алмай жүрмін», — деді шарасыз әйел.

Ол қарттар үйіне бармағанын, құжатсыз қабылдамайтынын айтып өтті.

«»Оңтүстік Шығыстағы полицияға бардым, Қанат бала қашып жатыр. Оны танимын. Бойы ұзын, денелі», — деді Бақыт Әубәкірова.

Мамандардың сөзінше құжаттарды қайта рәсімдеуге болады. Бірақ оған біраз уақыт қажет. Туған жерінен тиісті мәліметтер келген жағдайда ғана қарттар үйіне орналасуға үміт бар екен.

«Ал жанағы ол кісінің құжаттарын полиция қызметкерінің алып қойғаны бұл заңсыз әрекет. Осы бойынша ол кісі полиция басшылығына жүгіне алады. Әлеуметтік бейімдеу орталықтарында мобильді топтар бар. Сол орталықта ол кісінің құжаттарын қалпына келтіруге толық көмектеседі», — деді заңгер Ахметжан Бейсенбеков. 

Бақыт апа бұрын паналаған орталықтан күзетші дөрекілік көрсетіп, қыспаққа алған соң, қашып кетуге мәжбүр болдым дейді. Ал орталықтағылар үй-күйі жоқтарға деген мұндай қарым-қатынасты жоққа шығарды.

«Егер тұрғылықты тіркеуде болса, елордада міндетті түрде жасалады. Білуімше бұл кісінің тұрғылықты тіркеуі жоқ қой деймін».

«Келіп, кетіп жүрген кісі ғой.  Неге келіп, кетіп жүрді. Әлеуметтік қызметкерлер біледі. Жоқ мені түсірмей ақ қойыңыз», — деді мекеме қызметкерлері.

«Енді ең бірінші өзінің өмірбаянын дұрыстап жазып берсе, сол арқылы керек жерлерге сұрау саласыздар. Құжатын қалпына келтірем десе, ол кісі құжатын қалпына келтіргенше осы жерде жатады. Шығармаймыз біз оны», — деді әлеуметтік қызметкер Мөлдір Ділдәбекова.

Ол Бақыт Әубәкірованың күзетшілерден зәбір көргенін білмейтінін айтты.

Әжейдің қан қысымы жоғары, жүректе де ақау бар. Оң жақ аяғын үсік шалғандықтан, сылтып баса алмай жүр. Жеке бас құжаттары дайын болғанша, телеарнаның арнайы түсірілім тобы кейуананы әлеуметке қосу орталығына аманаттап қайтты.

 

stan.kz