Күзде халықтың жағдайы нашарлап, алаңға шығады – сарапшы

0
918

Әдетте қоңыр күзде саяси алаңда жаңалықтар болып жатады. Мәселен Парламент депутаттары еңбек демалысынан келіп, Үкіметтің жаңа құрамы жасақталады дегендей. Алдағы күзде еліміздің саяси өмірінде қандай жаңалық болуы мүмкін? Суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын Асқар Мамин басқаратын министрлер кабинеті отставкаға кете ме?

Бұл туралы Nege.kz сайты жазды.

Күні кеше Ішкі істер министрлігін ұзақ жыл басқарған Қалмұханбет Қасымов ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы лауазымынан бостылды. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ең сенімді серіктерінің бірі болған азаматтың отставкаға кетуі нені аңартады?

«Қасымовтың кетуі Назарбаевтың позициясын азайтып жатқан жоқ»

Сарапшы Қазыбек Бейсебаев Қалмұханбет Қасымовың жасына байланысты отставкаға кеткенін айтады. Алайда ол биліктен ешкім өз еркімен кетпейтінін еске салды. «Қалмұханбет Қасымов Елбасының ең жақын серіктерінің бірі болған азамат. Оның Жаңаөзен көтерілісі кезінде халыққа не істегенін ешкім ұмыта қойған жоқ», – дейді сарапшы.

«Жалпы жоғары жақта отыратын азаматтар билікте қандай өзгеріс болатынын алдын ала біліп отырады. Сондықтан да Қалмұханбет Қасымов өз еркімен қызметтен кетуі де мүмкін. Алайда билік деген наркотик сияқты нәрсе болғандықтан жоғары лауазымды қызметтен өз еркіңмен кету қиын. Бірақ бір нәрсе анық, экс-президентке ең жақын адамдар біртіндеп қызметтен кетіп жатыр. Мәселен бұған дейін Ахметжан Есімов «Самұрық-Қазына» қорынан кеткен болатын»

Саясаттанушы Санжар Боқаев та Қалмұханбет Нұрмұханбетұлының отставкасын зейнетке шығуымен байланыстырады. Алайда ол генерал-лейтенаттың қызметтен кетуі арқылы Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы азайып жатыр дегенмен келіспейді.

«Қалмұханбет Қасымовтың отставкасы күздегі үлкен өзгерістерге ешқандай қатысы жоқ. Ол зейнетке шығып, саяси карерасын аяқтады. Жалпы аталған азамат Ішкі істер министрлігін ұзақ басқарғанда халықтың есінде жақсы атпен қалған жоқ. Қалмұханбет Қасымовтың кетуі Назарбаевтың позициясын азайтып жатқан жоқ. Негізі генерал-лейтенаттың соңғы екі жылда күштік құрылым саласында ешқандай ықпалы болған жоқ»

«Үкіметтің бар жоғы белгісіз болып отыр»

Қазыбек Бейсебаевтың айтуынша, алдағы күзде баға жаппай көтеріледі. Баға көтерілетін болса, халықтың сатып алу мүмкіншілігі төмендейді. Сондықтан да ол халықтың наразылығын басу үшін Үкімет отставкаға кетуі мүмкін екенін ескертті. «Алдағы уақытта әлеуметтік жағдай ушыға береді. Осындай кезде көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен адамдар көшеге шығады. Қазіргі таңда көшеде қайыршылар мен қаңғыбастар және ломбардтар көбейіп кетті. Негізі халықты митингіге шет елде тұратын адам емес, өзінің ауыр жағдайы алып шығады», – дейді ол.

«Ал халықтың наразылығын басу үшін күзде Асқар Мамин басқаратын Үкімет ауысуы мүмкін. Өйткені әлеуметтік жағдайдың күрделі болуына Үкімет кінәлі. Мәселен қуаңшылық кезеңде Үкімет төрт түлік малды жем-шөппен қамтамасыз етуге қауқарсыз болып шықты. Негізі Ауыл және Экология министрлігі «Алдағы жаз ыстық болады» алдын ала әрекет етуі керек еді. Сондай-ақ Үкімет былтыр өтетін Олимпиаданың трансляциясын биыл әзер дегенде сатып алды. Бір сөзбен айтқанда Үкіметтің бар жоғы белгісіз болып отыр»

Қазақстанда азық-түлік бағасы ушығып кеткен сәт. Фото: Tengrinews.kz

«Үкімет ауыспаса дефолтқа ұшыраймыз»

Санжар Боқаев 2019 жылы жасақталған Үкімет әлі күнге дейін қызмет етіп келе жатқанын айтады. Сондықтан да ол қолынан түк келмейтін министрлер кабинеті отставкаға кетуі керек деп санайды.

«Соңғы бір жылдан бері еліміздегі өтірік өндірісті ашық әшкерлеп жатырмын. Индустриализациямыз өтірік болып шықты. Шикі емес заттың экспорты 30 пайызға төмендеп кетті. Бірақ Асқар Маминнің айтуынша, қазақ елі керемет дамып жатқан көрінеді. Ал елдегі экономикалық ахуалға шынайы сараптама жасап, жағдайды түзетуге ниет жоқ секілді».

«Жеке өз басым Ауыл шаруашылығы, индустрия және инфрақұрылымдық даму сондай-ақ цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жұмысына 2 деген баға қояр едім. Неге? Себебі Парламент сайлауынан кейін ауысуы тиіс Үкіметтің небәрі 3 министрі яғни, 10 пайызы ғана өзгерді. Бір сөзбен айтқанда Үкіметтің жаңаруы болмады. Соңғы екі жылда Ұлттық қордағы ақша 60 пайызға төмендеп кетті. Осы уақыт аралығында жұмыссыздық пен мемлекеттік қарыздардың көлемі өсті. Жағдай өте қиын. Егер де осы Үкімет отыра беретін болса, онда дефолтқа ұшыраймыз. Үкіметке мықты менеджер, экономист мамандар келуі керек»

Шыны керек, Парламентте, жалпы елімізде шынайы оппозиция болмағандықтан саяси оқиғалар сүреңсіз болып жатады. Бірақ Қазыбек Бейсебаевтың айтуынша, алдағы күздің «көркін» көпбалалы аналар ашатын секілді. Себебі билік оппозиция өкілдерінен гөрі, көпбалалы аналармен көбірек санасады.