«Күтуден шаршадым»: Фируза Шәріпова спорттық карьерасын тәмамдамақ — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстандық боксшы Фируза Шәріпова спорттық карьерасын тәмамдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

«Өз бапкерлерім, менеджерім, командама тамаша жұмыс үшін алғыс білдіргім келеді! Біз бірге Қазақстанда бірнеше рекорд орнаттық. Қазақстанда бізден басқа ешкім кәсіби бокста осынша аз уақытта үлкен жетістікке жеткен емес.

Өкінішке орай, біз кәсіби бокста негізгі атаққа бір қадам қалғанда тоқтап қалдық. 2018 жылдың өзінде Қазақстан үшін WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын алуға дайын едік. Алайда қаржылық себептерге байланысты мұны жасай алмадық. Бізге WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын алу үшін жекпе-жек өткізуге қаржы берілетіні жөнінде бірнеше рет уәде етілді. Алайда сол күйі қаржы бөлінбеді», — деп жазды боксшы Instagram-да. 

Шәріпова өз сөзінде аталған атаққа кез келген сәтте қол жеткізу үшін, екі жыл бойы формасын сақтағанын атап өтті. Алайда күтуден шаршадым, дейді. 

«Үлкен жеңістерге жету үшін спорттық форманы жоғары деңгейде сақтау қажыр-қайратты, жүйкені және ақшаны талап етеді. Өкінішке орай, мен мұның нәтижеге жетуіме сеп болатынын көріп тұрғаным жоқ. Осы уақыт ішінде үміт ұялататын уәделер көп болды. Алайда тек сөз күйінде қалды. Ал өмір өтіп бара жатыр, оны күтумен өткізгім келмейді», — дейді Фируза Шәріпова.

Спортшы жанкүйерлері мен осы жылдар бойы өзін қолдағандарға алғыс білдірді. Сонымен қатар негізгі атаққа қол жеткізе алмағаны үшін кешірім сұрады. 

«Қолымнан келгенін жасадым, алайда бұл өмірде барлығы маған ғана байланысты емес», — деп түйіндеді ол.



stan.kz