Күштілер көмек күтпейді

0

Күштілерді ыңғайыңа икемдей алмайтындықтан, көпшілік ұната бермейді.

Оларды бағындыру, басқару мүмкін емес.

Олар ішкі үнін ести алады, өзінің таңдаулы, лайықты екендігін сезгендіктен де өзіне тиесіліні өзгеге беріп қоймайды.

Олардың жан дүниесінде былыққа батпай, бақытты өмір сүре алатындай негіз қалыптасқан, сол негізге берік байланған. Оның тамыры терең, жұлынбайды, жұлдырмайды.

Олардың ұжданын, ұлағатын, өзіне деген сенімін, темірдей тәртібін талқандай алмайсың.

Мықтылар кез-келген сатқындыққа, ащы шындыққа, жалғыздыққа, тағдырдың тауқыметіне төтеп бере алады.

Олар азапты ауырсынбайды. Өз жүрегінің тозақты арпалысын жеңе жүріп, жанының жарасын даналыққа ұштастыра алады. Өмірдің ләззатын сезіне жүріп, тілім-тілім жүрегімен-ақ әлемді сұлулыққа, кіршіксіз, нәзік сезімдерге толтыра алады.

Күштілер өзгенің жолын кеспейді, бақытын саудаламайды. Сүйікті болсам деп сүмеңдемейді, Тәңір егер ғашықтық ғаламатын нәсіп етсе, тағдырының сыйындай қабылдап, адалдыққа ант та іше алады.

Адал өмір сүреді, ар ісінен аспайды, мансапты мақтаныш көрмейді, өмірді үйретіп өрекпімейді, өзін өсіреді, танымын тереңдетеді.

Ісі мен сөзі сай, өз мұратына өз күшімен жетуге ықтияр. Сүрінсе сабақ алып, құласа қайта көтерілер құлық — күштілерге тән.

Олар өзгенің ырқына көнбейді, өз қалауы мен еркіне қарсы қылыққа ешқашан, ешбір жағдайда жол бермейді.

Сондай-ақ, мықтылар еңсесін тік көтеріп, бір күні бұрылмаған күйі барлығын тастап кете алады. Оның мінезін, сезімін, мықтылығын сынамаңыз – сынып қаласыз.

Автор: Лия Русс
Аударған Әдемау Толысбаева