«Курсанттың өлімі». Алматыдағы ІІМ академиясының басшысы қызметінен босатылды

0

Алматыдағы ІІМ академиясының басшысы қызметінен босатылды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқу орнына Ішкі істер министрлігінің Кадр саясаты және өзіндік қауіпсіздік департаменттерінің басшылығы мен жауапты қызметкерлерінен арнайы топ жіберілді.

Ведомство мәліметінше, Алматыдағы Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының курсанты Саламат Өтегеновтің қаза болуына байланысты Алматы қаласының полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы («Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, оның барысында қаза тапқан курсанттың туыстары баяндаған барлық дәлел тексеріледі.

«Тексеру қорытындысы бойынша ІІМ-де тәртіптік комиссия өтті. Ішкі істер министрінің бұйрығымен сеніп тапсырылған бөлімшеде жұмысты ұйымдастыруға тиісті бақылаудың жоқтығы үшін атқарып отырған лауазымынан академия басшысы Өмербай Смайылов босатылды.

Сондай-ақ, оның тәрбие-идеологиялық және кадр жұмысына жетекшілік ететін орынбасары қызметінен босатылуға ұсынылды.

Бұдан бөлек, академияның тағы 16 жауапты қызметкері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың 5-і лауазымынан босатылды», — делінген хабарламада.

Академияның оқу процесін, тұрмыстық жағдайларын, моральдық-психологиялық ахуалын, қаржы-шаруашылық қызметін кешенді тексеру тағайындалды. Оқу орнына Министрліктің ішкі аудит, кадр саясаты және өзіндік қауіпсіздік департаменттерінің қызметкерлері жіберілді.

Министр Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша осындай тексерулер 2021 жылдың 1-тоқсанында ІІМ-нің барлық оқу орнында жүргізіледі.

kaz.tengrinews.kz