«Күнде келеді». Ақтөбеде ұлынан айырылған әке үйіне түнеуден қорқып жүр

0

Тергеушілер Амангелді Әйтешевті өз ұлының өліміне кінәлап жүр. Бірақ бұған дейін сот оны ақтап шыққан

АСТАНА, 17 қараша — Sputnik. Ақтөбеде бір отбасы тергеушілердің кесірінен өз үйіне түнеуден қорқады. Олардың айтуынша, тәртіп сақшылары жол апаты кезінде ұлынан айырылған Амангелді Әйтешевті сол оқиғаға кінәлі етіп шығармақшы екен.

Бірақ бұған дейін сот оны ақтап шығып, істі қайта тергеуге жіберген. Енді полицейлер баспанамызға күнде тінту жүргізіп, себепсіз келе беретін болды дейді. Онсыз да қайғы жамылған шаңырақтың мазасын қашырған қызыл жағалылардың әрекетін прокуратура бақылауға алды, деп хабарлады КТК.

Әйтешевтер отбасы өз үйінен өздері безіп жүр. Олар ұры-қарыдан емес, полиция қызметкерлерінен қорқады. Сөздерінше, тәртіп сақшылары мазаларын қашырған. Күн сайын келіп, бір тінтіп кетеді екен. 

Тергеушілер Амангелді Әйтешевті өз ұлының өліміне кінәлап жүр. Анығырақ айтсақ,  ол тізгіндеген көлікті такси келіп соққан. Соның салдарынан екіге толмаған бөбегі шетінеп, үлкен ұлы мен келіншегі жарақат алған. Тәртіп сақшылары отағасын күдікті деп танып, істі сотқа жеткізгенімен, ол ақталады.

«Баламның өліміне мені кінәлі қылып жатыр. Бұл жерде мықты коррупция жүріп тұр. Өйткені ана қарсы бағыттағы жүргізушінің балдызы сол жақта, Қандыағашта тергеуші болып істейді екен», — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Амангелді Әйтешев.

 Онсыз да қара жамылған отбасының мазасын қашырған тергеушілердің ісін прокуратура тексеріп жатыр. 

«Бұл азамат облыс прокуратурасына шағымданған болатын. Бүгінгі таңда ол шағым қаралуда. Қылмыстық іс тергелуде. Нәтижесі бойынша барлық уәж  тексеріледі», — дейді Ақтөбе облыстық прокуратурасының аппарат жетекшісі Жасұлан Дәулембаев.

 Жол апатына қатысты іс қайта қозғалған.  Арты шуға айналған соң оны  жергілікті  тәртіп сақшылары емес, ішкі істер министрлігінің қызметкерлері қарап жатыр. Тексеруге Астанадағылардың араласқанына Әйтешовтер де қуанып отыр. Оқиғаның ақ-қарасын солар шешіп берер деген үмітте.