«Күн әлеміндегі» көңілді кеш | «Айқын» газеті

0

«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында «Күн әлемі» оңалту орталығында ерек­­ше балаларға арналған жаңажылдық таңертеңгілік өтті. Думанды кеште балалар үшін қызықты мерекелік шоу-бағдарлама ұйым­дастырылды. Шыршаны айнала ән айтып, би билеген бүлдіршіндер Аяз ата мен Ақшақарға өз өнерлерін көрсетті. Балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтау үшін салтанатты шараға «Нұр Отан» партиясы орталық ап­паратының басшысы Мәди Оспанов қатысты.

Ол өз кезегінде «Нұр Отан» партия­сының «Кедергісіз келешек» жобасының аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға «кедергісіз аймақ» құру үшін инклюзивті білім беруге белсенді ықпал етіп жат­қанын ерекше атап өтті.
Айта кетейік, «Солнечный мир» орта­лығы Даун синдромы бар балаларға тегін сауықтыру мен психологиялық көмек бойын­ша қызмет көрсетеді. Онда мен­талды кемшілігі бар балдырғандардың ата-аналарына тәрбиелеу ісінде тегін кеңестер беріледі. 2016 жылдың қара­шасынан бас­тап қазіргі кезге дейін орталық қызмет­керлері Даун синдромы бар 240-тан астам балаға қол ұшын созған екен.
Кеш барысында ерекше адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтқан Мәди Оспанов Қазақстанда қазіргі таңда 400 мыңға жуық мүгедектің жұмыс іздеп жүргенін жеткізді.
– Мүмкіндігі шектеулі 120 мың адам ғана жұмысқа орналастырылды. Осы 4 жыл­­­дың ішінде бос орындар жәрмең­кесінің арқасында «Нұр Отан» партиясы 34 500 қазақстандықты жұмысқа тұр­ғызды, – деді ол.


«Нұр Отан» партиясы Орталық ап­паратының басшысы еліміздегі ең басты саяси күштің мүмкіндігі шектеулі адам­дардың құқын іске асыру саласындағы заң­наманы жетілдіруге байланысты жұмыс істеп жатқанына тоқталды. Ол үшін партия­лық ұйымдардың базасында арнайы алаңдар құрылып, онда барлық ҮЕҰ өзекті мәселелерді талқылау мен шешу ісіне атсалыса алады.
Сөз соңында Мәди Жарылқасынұлы ерекше балалар мен жасөспірімдерге арналған сыйлықтарды табыс етті. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы «Күн әлемі» оңалту орталығына 1 мил­лион теңге көлемінде материалдық кө­мек көрсетті. Партия тарапынан «Кедер­гісіз келешек» жобасының шеңберінде Астана қаласының әкіміне орталық үшін Астана қаласы ком­му­налдық тұрғын үй қорының ғи­ма­рат­тары­ның бірінен орын-жай беру мүм­кін­дігін қарастыру туралы хат жолданды. Қа­зіргі кезде әкімшілікте бұл мәселе қарас­­тырылып жатыр. Ай­талық, мұндай акция­лар еліміздің барлық ай­мақтарында өтті.
Кеш соңында қатысушы балаларға тәтті сыйлықтар таратылып, кешке арнайы әзірленген дастархан жайылды. Өз ке­зегінде ата-аналар ұйымдас­тыру­шыларға алғысын айтып, риза­шылығын білдірді.

Абылайхан ЖҰМАШ

Дереккөз: Айқын