Күйші директорлық қызметке тағайындалды | «Айқын» газеті

0

Президент стипендиясының иегері, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, күйші Саят Ақбасов Қаскелең Мәдениет колледжінің директоры қызметіне тағайындалды.

Саят Қырғызбайұлы -Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын бітірген.
П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде директордың тәрбие және шығармашылық жөніндегі орынбасары, халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында  оқытушы қызметтерін атқарды.
2002 жылы Дүниежүзілік қауымдастығының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаевпен шет елдерді аралап, қазақтың дәстүрлі мәдениетін насихаттауда өз үлесін қосты. Атап айтсақ, Түркия, Германия, Франция, Ресей және Өзбекстан елдерінде болды. Концерттер барысында өзінің ұйымдастыру қабілетін көрсетіп, жетекшілік қасиеттерімен көзге түсті. Қазақстан Ұлттық телеарнасында «Қазақтың 100 күйі» және «Сегіз қырлы», Хабар телеарнасында «Алтыбақан», Қазақ радиосында «Нар идірген» бағдарламаларына қатысып, дәстүрлі күй өнерін насихаттады.
Дәріс ала жүріп, республикалық-саяси «Нұр-Отан» партиясының қолдауымен, Қазақстанның Ресейдегі жылына орай және Санкт-Петербуг қаласының 300 жылдық мерейтойы аясында өнер көрсетті. 2000 жылы ХІХ Республикалық жас орындаушылар конкурсында 1 орын алғаны үшін лауреат атағы берілді және Астана қаласында өткен 1-ші Халықаралық «Шабыт» шығармашылық жастар фестиваліне қатысты.

2016 жылы 29 қарашада Ғалымдар үйінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы және Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған «Күй көненің күмбірі» атты жеке шығармашылық концертін өткізді. 2015 жылы «Домбыра тарту тәсілі» оқу-әдістемелік кітабын шығарды.

Өнер иесін шын жүректен құттықтап, жаңа қызметте толағай табыс тілейміз!

Қаншайым БАЙДƏУЛЕТ