«Күйеуіме айтпай жинадым»: Шымкенттік ана ақшасын үнемдеп, қаладан қалай үй алғанын айтты

0

Қарапайым оқырмандарға қаржылық сауаттылықты үйретіп, ақша жинауға, үй алуға үндейтін блогер Динара Дәрменбаева өзінің қалай жетістікке жеткенін айтты. Еліміздің ірі қалаларынан үй алып, бүгінде арманындағы зәулім үйді салып жатқан блогер қыз-келіншектерге өзінің ақша жинау тәсілдерін бөлісті деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

«Қаржы жағынан сауатты болуды маған өмір үйретті. Ақшаны жан-жаққа шашу, қажетсіз нәрсеге ұмтылу, киімді бағасына қарамай алу — маған тән емес әрекеттер. Мен жолдасыма айтпай депозитке ақша жинақтай бастағанмын. Кейін сол ақшамызды үй алуға жараттық. Негізі, қаржы асқан ұқыптылықты жақсы көреді. Ақшаны есеппен жұмсау керек. Мысалы, базарға не дүкенге барар кезде алдын ала тізім жазып алған дұрыс. Аса маңызды нәрселерді алып, сол тізімнен ауытқымау қажет. Базарға тізімсіз барсаң, қалтаңдағы ақшаң су секілді ағып кетеді. Себебі, адамның көзі жақсыға құмар. Егер сіз ақшаны басқара алмасаңыз, ақша сізді басқарып кетеді. Сондықтан, үйге келетін ақшаның көлемін жазып, азық-түлік, коммуналды төлем секілді кезек күттірмейтін дүниелерге бөлесіз. Шығынды барынша азайтқан дұрыс. Егер бір затты қатты алғыңыз келсе, үш күн күтіңіз. Үш күннен соң әлгі затты ұмытып кетсеңіз, демек, ол сізге керек емес дүние болғаны», — дейді Динара. Блогердің айтуынша, ақшаны оңды-солы шашып, есеп бермеу сауатсыздыққа жатады. «Ақшаны басқару үшін 25 теңгеге дәптер алып, соған бәрін жазып отыру жеткілікті. Біздің әйелдерге көбіне қаржылық сауаттылық жетпейді. Неге? Себебі, ақшаны оңды-солды шашып, ақшаға есеп бермейді. Одан бөлек, көп келіншектерге отбасында қолдау жетпей жатады. Егер отағасы демеу берсе, тауды да қопарып тастайтын әйелдер бар. Кейде сәл ғана қолдаудың өзі байлыққа жол ашады. Әрине, бәрі оңай болмайды. Құлайсың, сүрінесің. Бірақ бір нан пісіріп сатсаң, сол нанның ақшасын алған соң шабыт қайта оянады. Қазір тек еркек ақша табады деп, қарап отыруға болмайды. Екі жақтан тапқан ақшаның берекесі көп. Содан соң, үйде ауызбіршілік болғаны дұрыс. Егер әйелі мен күйеуі бір-бірінің ойымен санаспайтын болса, ақшаның да берекесі қашады. Жақында бір оқырманым қаладан үй алу үшін қой мен қошқар асырап жатқанын жазыпты. Бұл да болса арманына бір қадам емес пе? Қаржылық сауаттылықты арттыру қажет, жақсы өмірге қызығып, соған ұмтылып, әрекет ету керек. Біздің заманымызда еңбектенетін адамға жұмыс табылады», -деді Динара.