«Күйеуім қарсы болды»: Қазақ қызы зымыран ұшырып, танк жүргізіп жүр
Жалпы ерлік әйел не еркек деп бөлінбей берілетін қасиет. Бұл әуелі туабітті мінезден, одан ары тектен болу керек. Бүгінде арамызда ракета ұшырып, танк жүргізетін арулар да бар. Әрине, заман тыныш және олардың ерлігін шайқаста көрсеткенін қаламаймыз да. Алайда ерлігі айтуға тұрарлық.
Зеңбірекші һәм танкист қыз Анаргүл Акибиева жайлы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Бұл өте ауыр техника. 18 тонна, Енді көріп отырсыз. Мынаның барлығы машинанікі сияқты. Жылдамдық, оңға, солға дегендей. Кішкене күш керек дегені болмаса кәдімгі жеңіл көлікте жүргендей боласың», — деді Анаргүл Акибаева.
Анаргүл Акибиева мектеп жасынан форма киюді армандапты. Әскери форма киген нәзік жандарды көріп, өскенде әскери қызметкер боламын деп мақсат қойыпты. Колледжді байланысшы мамандығы бойынша тәмамдаған соң өз еркімен әскер қатарына қабылданған.
«Өзіміз көретінбіз әскери әйелдерге қызығып жүрдік. Сонымен 96 жылы келіп алғашқы радиотелеграфист болып, лауазымға тағайындалып, кейін аға оператор лауазымына ауыстым. Содан бері аға оператор болып жүрдім», — деді Анаргүл.
Біртіндеп ауыр техниканың қыр-сырын меңгере бастаған сәтте оған деген қызығушылығы арта түсіпті.
«Бәрін қарап отыратынмын, көріп отыратынмын. Қалай-қалай жүреді деп. Сол кезде сәл-сәл үйреніп жүрдім. Бізде механик жүргізуші болмай қалғандықтан мен осы лауазымға сұрандым. Мен болайын дедім», — деді ол.
Анаргүл сыры да, бітімі де бөлек әскери техниканы тек жүргізуді ғана емес, оған күтіп баптауды да жіті меңгерген.
Әскери техника жыл он екі ай сақадай сай болуы тиіс. Қыста суық, жазда қалың темір ысып ішінде ауа жетіспейтін де кездері бар. Оны жүргізудің де өзіндік ерекшелігі бар. Жаңа өзіңіз көріп отырсыз. Бұл жерде айна жоқ. Бұл машинаға отырған соң естімейсің, көрмейсің, сигналды басасың да жүре бересің.
Әскери қызметкер болғаны аздай, сауытты техниканы тізгіндеймін дегенде бастапқыда жақындары қарсы болыпты.
«Күйеуім әскери адам емес. Әйел адам үйде отыру керек деді, содан мен айттым үйде отыратын әйел емеспін деп. Жұмыс жасағым келеді, жұмыс жасаймын дедім. Осылай 20 жылдан асты», — деді механик қыз.
Өздігінен жүретін ату құрылғысы ең алғаш 1958 жылы құрастырылған. Шанағы бір бөлек, ату қондырғы бір бөлек жасалып, араға жеті жыл салып алғаш Донгуз полигонында бірнеше жыл сынақтан өткізілген. Тиімділігі дәлелденгеннен кейін 1967 жылдан бастап кеңес одағының қарулы күштеріне қабылданған. Төбесіне әр қайсысы 700 келі болатын үш қанатты зымыраны болады. Оқтұмсықтарды тек әскери жаттығу кезінде ғана орнатады.
Өздігінен жүретін ату қондырғысы Қазақстанның қаруды күштеріне 1980 жылдандан бастап қызмет етіп келеді. Бұл техниканың басты ерекшелігі көктегі нысанға 13 шақырым жерден дөп тигізеді. Ал жердегі нысанды 25 шақырым жерден жоюға қауқарлы. Әскери бөлім басшылығы бұрын-соңды бұл техниканы әйелдердің тізгіндемегенін айтады. Анардың мінсіз қызметін басшылығы жоғары бағалауда.
«Үшінші сержант Акибиева Анаргүл соңғы жылдары механик жүргізуші болып тағайындалып, осы техниканың қыр-сырын бәрін меңгеріп, басқа жауынгерлерімізге үлгі болып жүр», — деді 20709 әскери бөлімініің командирі Арман Ілиясов.
Тыңнан түрен салған Анаргүл өмірінің 25 жылын әскери қызметке арнапты. Әскердің қиындығы мен ауыртпалығына шыдап жүрген келіншектің әскерден қашатын жастарға айтары бар.
«Әскерден қашатындарға айтарым, қашудың қажеті жоқ. Бұл ер адамға жат қылық деп ойлаймын. Міне мен әйел адам да жүрмін. Ауыршылық ешқандай жоқ. Адам әр уақытта кішкене болса да ауыршылыққа төзе білу керек деп ойлаймын. Нәзік жанды болсақта жүрміз», — деді зымыраншы қыз.