Күйеуі өртеген келіншектің анасы трагедияға не себеп болғанын айтты
Қысқа сілтеме алу
Елордада әйелін өртеген азамат бұған дейін де жұбайына зәбір көрсетіп келген. Ерлі-зайыптылар осы айда ажырасу керек болған
НҰР-СҰЛТАН, 16 қазан – Sputnik. Елордада әйелін өртеген азамат бұған дейін де жұбайына зәбір көрсетіп келген. Жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан келіншектің анасы осылай деп мәлімдеді.
Оның сөзінше, әйелін көрінгеннен қызғанған күйеу баласы талай рет аяқ-қолын байлап, қиянат көрсеткен. Қызы ажыраспақ болғанда өртеп жіберген, деп хабарлады «Астана» арнасы.
Өзегі өртенген ана қызымның сау тамтығын қалдырмады деп күйеу баласын кешіре алмай отыр. Айтуынша, ерлі-зайыптылар осы айда заңды түрде ажырасу керек болған. Қызы жұбайынсыз жаңа өмір бастау үшін Түркістан облысынан елордаға арнайы көшіп те келіпті. Алайда, күйеу баласы қызының қыр-соңынан қалмай, ақырында қызғаныштың кесірінен өртеп жіберген.
«Бірақ өзінің кінәсін сезінбей отыр. Бізді көрген соң, ұялатын шығар деп ойладым. «Кешіріңіздер» дейтін шығар деп үміттеніп едім. Бірақ ол әлі сол баяғы «қызың анамен жүреді, мынамен жүреді» деп айтуын доғарған жоқ. Тергеу абақтысында «мен шығамын, шыққан соң өлтіремін» деп отыр. Өзінің 6 баласы бар. Кейінгі 3 бала менікі емес деп, өзінің адал балаларын мойнына алмай отыр», — дейді Дәмегүл Қашағанова.
16 жыл отасқан ерлі-зайыптылардың үлкені 16 жаста болса, кішісі 4-те. Дәрігерлер көпбаланы ананың беті бері қарайды деп дөп басып айта алмай отыр. Денесінің 75 пайызы күйіп кеткен. 9 күннен бері жан-сақтау бөлімінде жатқан азаматша жасанды тыныс алу аппараттарының көмегімен дем алып жатыр.
«Жалпы жағдайы ауыр. Қан қысымы, жүрек соғуы тұрақсыз. Жасанды желдету аппаратымен тыныс алып жатыр. Болжам жасауға әлі ерте. Уақыт керек. Қазіргі таңда науқас күйік шогынан шықты», — деп түсіндірді ғылыми-зерттеу институтының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Ербол Төлегенұлы.
Бұған дейін полицейлер айыпталушы 15 жылға дейін сотталуы мүмкін деген еді. Зәбір көрген келіншек туыстары 44 жастағы күйеу бала лайықты жазасын алуы тиіс деп отыр.
«Қызыма істегенін мойнымен көтерсін деп отырмын. Заңымыз бар ғой», — деді анасы Дәмегүл Қашағанова.
sputniknews.kz