Күйеуі мен ұлынан айырылған қазақ әжей әлемнің 64 елін аралап үлгерген

0

Талай қиыншылықты басынан өткерген кейуананың өмірде сағы сынбаған.

74 жастағы Раиса әжей «Әдемі қартаю» тақырыбында ойымен бөлісті. Жасы біразға келген кейуана немере де бағу керек, өзіңе де қарау керек деген пікірді ұстанады. 7-арнаның «Өз ойым» бағдарламасына келген әжей осы уақытқа дейін әлемнің 64 елін аралап үлгергенінн айтты, деп жазады Stan.kz.

Самайын ақ басқан әжейдің осы уақытқа дейін көрмегені жоқ. Кейуана күйеуі мен ұлын жер қойнына тапсырып үлгерген. Қарақшылардан қысым көрген кездері де болған.

«Көргенім көп. Күйеуімді де, ұлымды да жерледім. Қайта құру жылдарын бастан өткердім, 90-жылдар мен үшін ауырға соқты. Бизнеске бет бұрдым, рекетті де көрдім. Жендеттердің шекеме пистолет тақаған кездері де болды. Осының барлығы шашымды ағартты», – дейді Раиса ханым.

Алайда соған қарамастан, ол өмірден түңіліп кетпеген. Бүгінде кейуана бар уақытын спорт пен саяхатқа арнайды. Немерелеріне де уақыт бөлетінін айтады.

“Қазір демаламын. Әлемді аралаймын. Осы уақытқа дейін 64 елді аралап үлгердім. Желілік бизнеспен айналысамын. Былтыр ғана бастадым. Круизге шығамын, жақында ғана келдім. Өзім үшін өмір сүремін. Спортпен, йогамен, жүзумен айналысамын. Немерелеріме де уақыт бөлемін, салонға да барып үлгеремін”, – дейді ол.

Өмірге құштар Раиса ханым 150 жасқа дейін өмір сүргісі келетінін айтты.

Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/