Күй жетті Алтай-Қобда – арғы беттен…
Қазақ халқының мәдени мұрасына қатысты жаңа деректер мен зерттеулерді өзектілігіне қарай әр тараптан жинақтап, толықтырып, сараптап, жариялап, ғылыми айналымға енгізу мен насихаттау мақсатында Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты 2016 жылдан бастап «Қазына» сериялық басылымын шығаруды қолға алған екен.
Аталған серияның 4-ші шығарылымында Моңғолиядағы қазақтардың шертпенің алтайлық үлгісіндегі 321 домбыра және 50 сыбызғы күйі алғаш рет жинақы түрде толыққанды еңбек ретінде жарияланып отыр. Кітап авторлары Қобда бетіндегі қазақтардың күй өнерін алпыс жыл бұрын алғаш ғылыми зерттеуді бастаған, ел ішінен сол қалпында, еш өзгеріссіз жинақтаған, нотаға түсірген күйші Мұсайып Хұсайынұлы мен күйші Қабыкей Ахмерұлы. Кітаптың тағы бір құндылығы осында жатса керек.
Шараға кітап авторларының бірі Мұсайып Хұсайынұлы, Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Леонид Кочетов, түркітанушы, ғалым Қаржаубай Сартқожа, күйші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай, музыкатанушы, өнертану ғылымдарының кандидаты Раушан Малдыбаева, күйші, «Халық қазынасы» ҒЗИ-ның ғылыми қызметкері, аталған кітаптың жауапты редакторы Рүстем Нүркен, қоғам қайраткері Үзбен Құрманбайұлы, сыбызғышы Жанұзақ Исабаев және өнерге таласы бар бір топ талапкер жастар қатысты.
Жиынды бастаған Леонид Кочетов мырза: «Ұлттық музейдің ішінен құрылған «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты осы уақытқа дейін «Қазына» сериясымен көптеген ғылыми еңбектерді баспадан шығарып үлгерді. Сіздердің алдарыңыздағы бүгінгі тұсауы кесілейін деп отырған кітап та осы «Қазына» сериясы бойынша 1000 данамен жарық көрді. Біздің ғылыми-зерттеу институтымыздың зерттеу бағыты қазақ руханиятының әр саласын қамтып, яғни археологиялық, этнографиялық, музыкалық т.б. бағыттарда жүйелі жұмыс атқарып келеді. Жақында жарық көрген Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы айтылған нақты тапсырмалардың дені ұлттық құндылықтарды сақтай отырып рухани мұраларымызды жаңғырту болатын. Осы тұрғыдан келгенде бүгінгі тұсауы кесілейін деп отырған еңбектің құндылығы өте жоғары деп айтуымызға болады. Бұл еңбек келешекте Алтай, Қобда жеріндегі күйшілік өнерді одан ары ғылыми жүйелі зерттеуге үлкен септігін тигізері сөзсіз», — деді.
Осыдан кейін лента қиылып күйші, шашу шашылды. Кітап авторы Мұсайып Хұсайынұлына сөз кезегі берілді: «Кітап бір күнде жазылған жоқ. Атадан балаға жалғасып келе жатқан бұл күйшілік мектеп Алтай тауының күнгейінде — қазіргі Қытайдың Шыңжаң өңірі, оның батысындағы еліміздің шығыс өңірі және солтүстігінде Ресейдің Таулы Алтайының Қосағаш жерімен шектесіп жатқан ұлан байтақ аумақта таралған күйлерді қамтыдық. Бұл еңбекті қолға алынғанына өте көп уақыт болды. Моңғолия жеріндегі қазақ күйлері туралы зерттеп, олардың ерекшелігі, шығу тарихы мен аңыз-әпсаналары туралы деректерді қағазға түсіру үшін біраз уақыт қажет болды. Кітап үш бөлімнен тұрады. Күйлердің тарихы, шерту ерекшеліктері және сыбызғы күйлері туралы айтылған. Мұнда Қазақстанға белгісіз күйлер жинақталып отыр. Бұл еңбектің осындай толымды кітап болып шыққанын көріп қуанып отырмын. Қабыкей жарықтық көре алмай кетті», — деді.
Күйші, сазгер, Моңғолияның еңбек сіңірген әртісі, 30 күймен 20 әннің авторы Қабыкей Ахмерұлы өткен ғасырдың 70-80 жылдары Моңғолия қазақтарының ән және күйлерін алғаш жинақтап, құрастырған зерттеуші, қайраткер адам екен. Ұлт өнері үшін телегей еңбек еткен ерек өнер иесі 2012 жылы Алматы облысы, Сарқан ауданы, Қабанбай ауылында 85 жасында қайтыс болыпты.
Ал, Мұсайып Хұсайынұлы да күйші, сазгер, дирижер, Қазақстан және Моңғолия композиторлар одағының мүшесі. Моңғолиядағы қазақтар тарихында алғаш рет опера, балет, симфониялық шығармалар жазып музыка өнерін кәсіби деңгейде дамыту ісіне елеулі еңбек сіңірген қайраткер. 100-ден астам авторлық және халық ән-күйлері мен классикалық шығармаларды оркестрге өңдеп түсірген екен.
Мемлекет басшысы «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласының «дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» бөлімінде: Бұл жоба аясында бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады.
Сонымен қатар қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет» деп атап көрсеткен болатын. Демек, бұл еңбекті Елбасы мақаласында міндеттелген жұмыстардың өз орайымен жоғары сапада орындала бастағандығының нақты бір көрінісі деуге де болатындай.
Жиынды Ұлттық музейдің «Халық қазынасы» ҒЗИ басшысы Ақан Оңғарұлы жүргізіп, майталман мамандарға сөз берді. Бұдан бес мың жыл бұрын қолданылған делінген «ата домбыраны» тапқан, онда жазылған «Жұпар күй әуені бізді сүйіссінтеді» деген жазуды оқыған бітік тастың білгірі, көрнекті түркітанушы, ғалым Қаржаубай Сартқожа бұл кітаптың жарық көруіне атсалысқан барлық азаматтарға алғыс айтып, батасын берді. Кеше ғана қолына тиген кітаптағы күйлерді нотасына қарап отырып түгелімен тартып келгенін айтқан Жанғали Жүзбай «түні бойы ұйқтамадым, мұнша мұраның мұрты бұзылмай нотаға түсіп, түгенделуі, жалпы жұрттан сүйінші сұрардай үлкен оқиға», деді. Музыкатанушы Раушан Малдыбаева да кітапқа өте жоғары баға берді. Жиын барысында бұдан алпыс жыл ілгері таспаға жазылып алынған күйлер қойылып, сыбызғышы Жанұзақ Исабаевтың дәл қасында отырып, арғы жағынан Алтайдың аңызақ желіндей бір зарлы үн уілдеп тұратын бірнеше сыбызғы күйін тыңдап қайттық.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»