күдіктінің туыстары сәбидің анасын айыптады
Қысқа сілтеме алу
Туыстарының айтуынша, үш жасар баланы өлтірді деген жігіт мейірімді, жұмсақ мінезді адам
НҰР-СҰЛТАН, 11 қыркүйек — Sputnik. Қарағанды облысында 3 жасар баланы өлтірді деген Игентай Сопыжановтың туыстары жантүршігерлік оқиғаға сәбидің анасы кінәлі деп санайды, деп жазады КТК арнасы.
Күдіктінің туыстары оны мейірімді, жұмсақ мінезді адам деп сипаттайды. Қайғылы жайттың екеуіне де келіншектің өзін айыптап отыр.
«Оны қатты сүйетін. Бірақ әйелдің өзі кінәлі. Жұмысқа тұрып, жаз бойы еңбек етті. Ал ол болса қайта-қайта телефон соғып, маза бермеді. Ақыры соңында, міне, осындай жағдай болды. Оны да түсінуге тырысыңыздар. Жап-жас жігіт емес пе», — дейді Сопыжановтың өгей шешесі Светлана Рейхерт.
Бұған дейін белгілі болғандай, 3 жасар Максимнің анасы Ника мен Игентай мектеп кезінен бір-бірін ұнатып, қыз бен жігіт болып жүрген. Алайда екеуінің жиі ұрсысатынын байқаған қыздың туыстары оны қызғаншақ жігіттен алшақтатуға тырысыпты. Бұған қатты ашуланған 17 жастағы бозбала ғашығының үйіне балтамен келіп, тәтесін ұрып өлтіреді.
Игентай түрмеде отырғанда, Ника басқаға тұрмысқа шығып, ажырасып кеткен. Төркінінен құшағындағы ұлымен оралып, оны анасы бауырына басыпты. Содан соң Ника мерзімінен бұрын босап шыққан Игентаймен қайта қосылады. Бірақ екеуі тағы жанжалдасып қалады. Сол сәтте Игентай келіншектің қолындағы баланы ала қашыпты.
Тағы оқыңыз: Өлі табылған 3 жасар баланың әжесі оқиғаның қалай болғанын айтты
Сол кеткеннен Игентайды тірі жан көрмеген. Полиция мен еріктілерден құралған 100-ден аса адам Максимді іздеп жер-көкті шарлайды. Баланың денесі үш күннен соң ауылдың іргесінен табылды. Қаскөй мәйітті шөптің арасына көміп кеткендіктен, бірден табылмаған.
Ал Игентай ауыл маңындағы теміржолдан тауар таситын пойызға жабысып, қарасын батырғаны белгілі болды. Сол пойызбен Таразға дейін жетіп, Қарағандыға да пойызбен оралған бойда қолға түскен. Полицейлердің айтуынша, бір отбасыны екі рет қан қақсатты деген ол қылмысын толық мойындап отыр.
sputniknews.kz