Куәгерлер жылу құбырының жарылуы туралы: Тастар ұшып, терезенің бәрін сындырды — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматыда жылу құбыры жарылып, ыстық судың астында қалған үйдің тұрғындары оқиғаның мән-жайын айтып берді. Олардың сөзінше, кенеттен тарс еткен дыбыс шыққан. Бастапқыда тұрғындар не болғанын түсінбей қалыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Алматы тұрғыны жылу құбырының жарылуы туралы: Тастар ұшып, терезенің бәрін сындырды

Сурет: Tengrinews.kz 

Жылу құбыры жарылған жерде орналасқан көпқабатты үйдің тұрғыны Нұрлан Жұртановтың сөзінше, бастапқыда тарс еткен дыбыс шығыпты. 

«Не болғанын ұқпай қалдым. Бастапқыда жоғарыда тұратын көрші кранды жаппаған болар деп ашуландым. Дәлізге шыққанда су тамшылап жатқанын көрдім. Көршінің пәтерінде құбыр жарылған болар деген ой келді. Мұнан кейін су сар етіп аға жөнелді. Сыртқа шығып көрдім. Осы кезде маған қарсы екі баламен бірге бір қыз жүгіріп келе жатты. Ол төтенше жағдайлар қызметін шақыру керектігін, көшеде құбыр жарылғанын айтты», — дейді тұрғын. 

Ер адамның сөзінше, балконнан көшеде не болып жатқаны көрінбеген. 

«Тастар ұшып, терезенің бәрін сындырып кетті. Ыстық су атқылап жатты. Ұқпай қалдым. Тезірек ұйықтап жатқан анамды тұрғызуға асықтым», — дейді Жұртанов. 

Еске сала кетсек, бүгін Алматыда жылу құбыры жарылып,  салдарынан 4 адам зардап шекті. Сондай-ақ, 7 пәтер мен 8 көлікке зақым келген. 

Айта кетсек, желіде оқиға орнында түсірілген видео пайда болды

 

stan.kz