Криптовалюта пирамидасының негізін қалаушы қазақстандықтарды 37 миллион долларға алдады — Қазақстан жаңалықтары
Әр түрлі өңірлерден бес мыңға жуық қазақстандық инвестициялық компания ретінде жұмыс істеген кезекті қаржылық пирамида құрбаны болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Адамдар қомақты табысқа үміттеніп, ақша салған, бірақ нәтижесінде бос қалтамен қалды. Компанияның негізін қалаушы қашып кеткен. Келтірілген шығын 37 миллион долларды құрады.
28 мамыр күні алданған азаматтар Алматыдағы полиция департаментінің алдында шу шығарды. Бәрі де екі жыл бұрын «Лидер» деп аталатын инвестициялық компания туралы естіп, жиған-тергенін құйған. Сатқан үйінің ақшасына дейін алаяқтардың қолына ұстата салған Лесбек Омашев оларға құдайдай сеніп қалғанын айтады. Өйткені аңқау жұрттың сеніміне кіру үшін компания өкілдері бастапқыда уәде етілген пайыздық үстемені беріп отырыпты.
«Бір жарым мың доллар бердім. Сондай, сала бастадым. Сөйтсем, бәрі дұрыс. Бір-екі ай деген сияқты. Сосын жақсылап тұрып жаңағы қыздар, кассир, менеджерлер бәрі керемет болды», — деді Лесбек Омашев.
Алаяқтар салымшылардың қаржысы биткойнға, сондай-ақ, Абу-Дабидегі жол құрылысына инвестицияланады деп сендіріпті. Әрі салған сомма көп болған сайын, табыс та өсетінін айтқан. Біреу мүгедек баласының еміне жинаған ақшасын салса, енді бірі несие алған.
» Өзім жұмыс істемеймін. Негізі жаңағы несие алып салған болатынмын. Оны әлі төлеп жатырмын», — дейді щзардап шегуші Бауыржан Қайырғазы.
Жиналғандардың айтуынша, сол кезде жарнамасы жер жарған компанияға еліміздің түкпір-түкіпірінен 5 мыңнан аса адам алданған. Олар салған ақшаның жалпы соммасы 37 миллион доллар екен. Осынша қаражатты қалтасына басқан компания директоры өткен жылдың басында ұшты-күйлі жоқ болған. Жұрт оның Рустам Тұрғанов есімді азамат екенін айтты. Болжам бойынша, ол Абу-Дабиге қашып кеткен. Күдікті алғашында жұртқа өзінің де алданғанын айтыпты.
«Мен де бұл жерде жалдамалы адаммын. Бірақ мен ешқандай жауапкерліктен ешқандай ақша төлемеймін деп, қашып отырған жоқпын. Мойныма аламын, көтеремін. Мәселенің бәрі жағдайы – Ахметов Дидар. Ол құрылтайшы әрі өзі трейдерлармен жақын», — деді Рустам Тұрғанов.
Бірақ бір жыл бұрын жолданған видеодан соң, Рустам Тұрғановтан еш хабар болмапты. Атышулы компанияның кеңсесі де жабылған. Сөйтіп салымшылардың полицияға шағым түсіруден басқа амалы қалмапты. Алайда олар былтырдан бері істің сағызша созылып жатқанын айтады. Компанияның бас есепшісі мен кассирінің күдікті деп танылмағанына наразы. Ал қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов олардан жауап алынғанын мәлімдеді.
«Компанияның қызметкерлері іске куә ретінде қатысады», — дейді ол.
Сонымен қатар, ол тергеу басқармасында қылмыстық іс тергеліп жатқанын айтты.
«Сол қылмыстық істің ішінде күдікті адам анықталды. Күдікті адам халықаралық іздеуге жарияланды. Ұстаған уақытта міндетті түрде абақтыға қамалады», — деді Рустам Әбдірахманов.
Алданған адамдардан арыз әлі де түсіп жатыр. Жұрт енді пайданы қойып, адал еңбектерімен тапқан өз қаржысын қайтаруды қалайды. Ал шетел асқан күдікті ұсталса, кемі 7 жылға сотталуы мүмкін.
stan.kz