Кремльдің позициясынан соғыстың исі шығады

0
70

Кеше ғана Путин Украинаның шығысындағы Донецк және Луганск халық республикаларының тәуелсіздігін танып, олармен достық, ынтымақтастық (әскери) және көмек көрсету туралы келісімдер жасады. Хронометраж бойынша ең ұзақ үндеуден соң Путин құжатқа қол қойды. Бұл – 10 жылдық келісім.

Ресми Мәскеу бұған дейін де Украинадан Донбастағы шайқастарды дереу тоқтатуды талап етіп, «қырғын жалғасқан жағдайда төгілуі мүмкін адам қаны» Киевтің мойнында болатынын ескерткен болатын.

Жерге қатысты мәселе көтергісі келмейтін Путиннің аталған екі аймақты қызғыштай қоруының себебі неде? АҚШ-тың қандай мүддесі болуы мүмкін?!

Қайтсе де, бұл қадамның арты жақсылыққа алып бармайтыны һақ. Өйткені бұл шешім Мәскеу мен Батыс арасындағы шиеленісті одан әрі күшейтуі ықтимал. Ал АҚШ баяғы әдетінше саяси даудан өз пайдасын ойлап әлек. Қуатты қарсыластарының жүрегіне үрей ұялату АҚШ-тың сүйікті ісі деуге болады. Ресей тарапына АҚШ-тың шекара маңына тым жақындауы ұнамайды. Киев позициясы мүлде бөлек.

Украина Президенті Владимир Зеленский жауап ретінде: «Біз ешкімнен, ештеңеден де қорықпаймыз. Ешкімге ештеңе қарыз емеспіз және де ешкімге ештеңе бермейміз», – деп қысқа қайырды. Бірақ Украинаның сегіз жылға созылған қақтығыстардан жоғалтқаны көп. Себебі 14 000-нан астам адам қаза тапты.

Өткенге үңілсек, Ресейдің ЛНР мен ДНР-дің тәуелсіздігін мойындауы 2008 жылғы Абхазия мен Оңтүстік Осетия оқиғасымен ұқсас. Демек, Грузия жағдайындағы сценарий қайталануда. Ол кезде де Ресей бүлікшіл аймақтарға қолдау көрсетіп, тәуелсіздігін мойындаған болатын. Бұл жолы да дәл солай Мәскеу сепаратистік аймақтарға жақ. Егер Киев аталған аймақтарды қайтарып алуға ұмтылса, Ресейге бұл ашық шайқасқа шығу үшін ең оңай сылтау болмақ. Ал әлем елдері алдында баяғыша одақтас ретінде жергілікті тұрғындарды Украина армиясынан қорғаймыз деп уәж айтуы мүмкін.

Соңғы мәліметтерге сенсек, Ресейдің танкілері Доненцк аумағында пайда болған көрінеді. Жауап ретінде АҚШ пен ЕО елдері Ресейге санкция салмақ.

БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш Ресейдің ДХР мен ЛХР тәуелсіздігін мойындау туралы шешіміне алаңдаушылық білдіріп: «Украинаның шығысындағы қақтығысты 2015 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарымен қолдау көрсетілген Минск келісімдеріне сәйкес бейбіт жолмен шешуге шақырамын», – деді.

Еске сала кетейік, Донецк және Луганск облыстарындағы (Донбасс) ресейшіл сепаратистер 2014 жылы Украина үкіметінің бақылауынан шығып кетіп, өздерін тәуелсіз «халық республикалары» деп жариялаған.

Оралбай МЕРГЕНБАЙҰЛЫ