Кремль Путин мен Зеленский кездесуіне пікір білдірді
Кремль Парижде өткен «Норманд төртігінің» кездесуі жайлы пікір білдірді. Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, кездесу «айтарлықтай бір нәтижеге жеткізген жоқ».
«Ұзақ үзілістен соң «Норманд форматы» қайта жанданды ма? Иә. Айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік пе? Жоқ» деді Песков «Первый каналдың» эфирінде.
9 желтоқсанда Парижде «Норманд форматының» жиыны өткен. Жиында Украина мен Ресей барлық тұтқындарды алмасып, Донбасс аймағындағы күштерді тарату туралы келіскен. Жоспар бойынша, келесі «Норманд форматындағы» саммит төрт айдан кейін өтуі тиіс.
Екі тарап өз-өздерін жариялап алған «ДНР» және «ЛНР» орналасқан Украинаның шығысында сайлау өткізу мәселесін келісе алмады.
Жиында Қырым мәселесі талқыланған жоқ.