Кредит алу жолдары: банкке барудың қажеті жоқ
Енді қашықтықтан банк есепшотын ашып, кредит немесе картаны алуға болады – тек интернет керек
АСТАНА, 24 желтоқсан — Sputnik. Қазақстандықтар қаржылық қызметтерді қашықтықтан алу мүмкіндігіне ие болмақ, өз тұлғасын дауысы мен бет-жүзі арқылы растайтын болады. Бұл жоба 2019 жылдың басында сынақтан өткізіледі, деп хабарлайды Қазақстанның Ұлттық банкі.
Клиенттерді биометриялық көрсеткіштер – бет-әлпеті, дауысы арқылы онлайн-идентификациялау арқылы қаржылық қызметтер қолжетімді болмақ. Бұдан бөлек, мемлекеттік деректер базасындағы мәліметтер пайдаланылады.
«Бұл сұранысқа ие қаржылық қызметтерді қашықтықтан алу үшін қажет. Мәселен, интернет арқылы банк есепшотын, төлем картасын ашу, кредит алу», — деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат Құрманов «Astana Hub» кездесуінде.
Қашықтықтан индентификациялау тетігі қазақстандықтарға, оның ішінде алыс өңірлерде тұратын тұрғындарға қаржылық қызметтерді қашықтықтан, смартфон, планшет немесе компьютер арқылы алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Ұлттық банк Open API ашық платформаларын іске қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл мақсатта банктердің қатысумен стандарттарды әзірлейтін жұмыс тобы құрылды.
Дереккөз: https://sputniknews.kz/