«KPI Inc.» ЖШС қызметкерлері арнайы бағдарлама арқылы баспаналы болды

0
64

28 шілде күні «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС қызметкерлеріне Атырау қаласындағы «Француз орамы» тұрғын үй кешенінен жаңа пәтерлердің кілті табысталды.

Салтанатты рәсімге «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев және «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС Басқарма төрағасы Данияр Тиесов қатысты.
Өндіріске іскер мамандарды тарту және оларды ынталандыру мақсатында «KPI Inc.» ЖШС тұрғын үй бағдарламасын дайындаған. Жаңа тұрғын үй пайызсыз және бастапқы жарнасыз бөліп төлеу арқылы беріледі.

«Жақын арада елімізде үлкен өндіріс — полипропилен өндіретін зауыт іске қосылады. Болашақта оны тұрақты пайдалану үшін бізге қызметкерлердің мол тәжірибесі мен сабақтастығы өте маңызды. Сондықтан «Самұрық-Қазына» қоры, «ҚазМұнайГаз» және KPI компаниясы арнайы тұрғын үй бағдарламасын әзірлеп, өндірістегі қызметкерлерге қолдау көрсету және қажетті жағдай жасау үшін жаңа пәтерлерді ұсынды», — деп атап өтті М. Мырзағалиев.

Жайық өзенінің жағасында орналасқан аз қабатты тұрғын үй кешенінің 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлері таза, әрленген күйінде тапсырылды.
Абаттандырылған аулада балалар алаңы, баскетбол-волейбол спорт алаңдары және жеке қазандығы орнатылған.

Атырауға сапары барысында М.Мырзағалиев полипропилен өндіретін «KPI Inc.» ЖШС зауытына да барды.

Онда пропиленді полимерлеу, қоймада пропан мен дайын өнімді сақтау (буып-түю және буып-түю торабы), орталық операторлық және әкімшілік-тұрмыстық корпус жұмысымен танысты.

Қазіргі уақытта жобаның жалпы прогресі 99,40%-ды құрайды, зауытта іске қосу-реттеу жұмыстары аяқталуда. Кәсіпорын қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіре алады.

Бұдан басқа, Басқарма төрағасы «Бутадиен» жобасын іске асыруға арналған алаңға барды. «Бутадиен» ЖШС Бас директоры Диаз Диянов ҚМГ басшылығына болашақ нысанның орнында жүргізілетін жұмыстарды таныстырды.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың қараша айында «ҚазМұнайГаз» бен «Татнефть» компаниясы бутадиен каучуктерін өндіру бойынша бірлескен кәсіпорын құрды. Кәсіпорынның жоспарланған қуаты – жылына 66 мың тоннаға дейін бутадиен мен 83 мың тоннаға дейін синтетикалық каучук және басқа да өнімдер өндіру.

Жобаның алдын ала құны 916 млн АҚШ долларға бағаланды, аяқталу мерзімі — 2025 жыл.
Қазіргі уақытта жоба бойынша геодезия және геология бойынша жұмыстар жүргізілді, кәсіпорын өндірістік объектілер мен жалпы зауыттық шаруашылықты жобалауға кірісті.

Бутадиен каучуктерін өндіруге арналған шикізат Қазақстанның Теңіз және Королев кен орындарынан жеткізіледі, деп болжануда. Дайын өнімді Қарағанды облысындағы Шина зауытына, сондай-ақ Еуропа елдеріне, Ресейге, Қытайға, Түркияға және т. б. елдерге экспорттау жоспарланып отыр.

Полипропилен өндіретін зауыт және «Бутадиен» жобасы интеграцияланған газ-химия кешенінің (ИГХК) аумағында іске асырылуда.