«Көзіне көзім түсіп кетсе көңілім босайды»: Ақын Мұхтар Ниязов сырқаттанып қалған Жүрсін Ерманов туралы айтты
Белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов ауырып жүрген Жүрсін Ермановтың көргенде жүрегі ауыратынын айтып, жазба жариялады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Тым бос адаммын ғой. Жүрсін ағаның күндей күркіреп, жасындай жарқылдап жүрген сәттерін ғана көрген соң ауырып қалғалы көзіне көзім түсіп кетсе көңілім босап қоя береді. Кешегі Қызылжардағы айтысқа сау адамның жетуі оңай болған жоқ, жердің мойыны алыс қой. Екі күн өте жақсы айтыс өтті. Шұғайып інім бас жүлде алды. Ерекше қуандық. Ақындығы да, адамдығы да ерекше жігіт. Басқа ақындарды да құттықтаймын. Айтыстан кейін көптен сағынсып жолыққан соң Жүрсін ағаға барып, әбден құшақтап, сосын қанша адамның көзінше жылап толқып тұрғаным ұят болар деп оңаша шығып кеттім. Ет пен сүйектен жаралған әлсіз пендеміз ғой, өмірдің бар шындығын білсек те толық мойындауға сабырымыз жетпей жатады.
Содан көзімнің жасын сүртіп, өзімді енді ретке келтіріп жатсам, Рүстем құрдасым жетіп келіп “не боп қалды, Мұха?” дейді, сол жыламсырған күйі Русяға қарап “бас бәйгені Шұғайып алып кетті ғой, Руся, мен не істеймін, не жаздым соншама” деп құшақтап алғанмын. Ол досым да менің көңілімді аулап жүреді ғой өмір бойы, жұбатып әлек боп жатыр. Мен “еңкілдеп жылап” сылқылдап күліп жатырмын”, – деп аяқтады айтыскер жазбасын.