Көзіне дәл тиген — Алматы облысы полиция бастығының орынбасарына оқ атты
Жамбыл облысындағы қақтығыстардан кейін барлығы он тоғыз полиция қызметкері зардап шекті, тоғызына оқ тиген
НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан — Sputnik. Қордай ауданындағы қақтығыс кезінде Алматы облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Жүнісбековке оқ тиді, деп хабарлайды Polisia.kz медиа-порталы.
«Оған ота жасалды. Қазіргі уақытта денсаулығы қалыпты жағдайда», — деп жазылған хабарламада.
Қылмыстық кодекстің 380-бабына сәйкес (билік өкіліне қатысты күш қолдану) сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл бап бойынша 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздік салдарынан барлығы 19 полицей зардап шекті. Оның ішінде бесеуіне оқ тиген.
Тағы оқыңыз: Қызметінен босатылған полицей жамбылдықтарға үндеу жасады
Қақтығысты тоқтату үшін тәртіпсіздік болған жерге Жамбыл және Алматы облысы полиция департаменттерінің қызметкерлері бірінші болып жетті.
«Біз қақтығыс алаңына бет алған кезде белгісіз адамдар тобы бізге оқ атты бастады. Оқ сол жақ көзіме тиіп, қан аға бастады. Бұдан соң мені Қордай аудандық ауруханасына жеткізді», — деді Серік Жүнісбеков «Время» газетіне берген сұхбатында.
Қордайдағы қақтығыс
7 ақпанда Қордай ауданының Масанчи ауылында жаппай төбелес болып, оның соңы тәртіпсіздікке ұласқан. 8 ақпанда Қордай ауданында жергілікті ауқымда техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.
7 ақпанда Қордай ауданының Қаракемер, Масанчи, Бұлар батыр ауылдарында 176 адам медициналық көмекке жүгінді, 41-і ауруханаға жатқызылды. Он адам көз жұмды.
Қордай ауданындағы құқық қорғау органының қызметкерлері
Зардап шеккендерге 39 дәрігер көмек көрсетіп жатыр, марқұмдардың отбасыларына көмек көрсету шаралары қолға алынды. Қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Шенеуніктер қызметінен кетті
Мемлекет басшысының жарлығымен Асқар Мырзахметов Жамбыл облысы әкімі қызметінен кетіп, Бердібек Сапарбаев облыс әкімі қызметіне тағайындалды.
Тоқаев Қордай ауданында оқиғаға байланысты Жамбыл облысы әкімінің орынбасары мен Қордай ауданының әкімін жұмысына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды.
Сонымен қатар Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы мен Қордай аудандық полиция бөлімінің басшысын қызметінен алынады.
sputniknews.kz