Көзін байлап, сурет салады | «Айқын» газеті
Шығармашыл адамдардың туындыларына тамсана қараймыз. Суретшілердің картиналарына қарап, көзіміз тоймайды. Бірақ көз байлаулы күйде керемет сурет салу мүмкін бе? Осындай ерекше қабілетке ие Ренат Елубаев есімді қылқалам шебері бар. «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы «Жас Отан» Жастар қанаты Суретшілер одағының мүшесі, «Удивительные люди» бағдарламасының финалисімен кездесу ұйымдастырды.
Жас суретшінің ел ішінде алғаш танылған шағы – 2005 жылы өткен «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі. Сол кезде Ренат лауреат атанған еді. Сурет салудан бөлек, поэзиямен, кинорежиссурамен де айналысады. Өзінің айтуынша, сан қырының ішінде суретшілік өнері бір төбе. Шығармашылық стилінің қалыптасуына голландтық суретші Винсент Ван Гог ерекше әсер еткен көрінеді. Бұл саланың білгірлерінің сөзіне сенсек, екеуінің туындыларының арасында бір ұқсастық байқалады екен.
Ренат шығармашылық ортаға бірден келе қойған жоқ. Біршама уақыт елордалық әкімдікте концерт ұйымдастырумен айналысқан. Бұл жерде де өнердің ортасында жүргенімен, ішкі қалауы – сурет салу. Әрі тиісті білімі де бар еді. Тырнақалды туындыларын 40 мың теңгеден сатыпты. Бүгінде ол баға бірнеше есе өсті. Оның картиналары қазір 4 миллион теңгеге бағаланады.
Қылқалам шебері қабілетіне өзі де таңғалады екен. Адамның ойы жетпейтін жер жоқ дегенге сенімді. Ми қабілетінің шексіздігі сонша, әлі де толық зерттеліп үлгермеген деген ойда. Ресейлік «Удивительные люди» бағдарламасына қатысып, қазылар алқасын таң-тамаша еткенімен де көптің есінде. «Көзді байлау тұрмақ, ашық тұрса да сурет салуды келістірмейтіндер көп. Бұл қалай болғаны?» – деп таңдай қақты қазылар.
«Суретшілердің айтуынша, түстерді жақсы сезе білетін қасиетім бар екен. Соның арқасында осындай дүние жасауға машықтанғанмын. Бүгін сіздерді осылай таңғалдырамын» деген еді ол бағдарламаға алғаш барғанда. Бір қызығы, Ренатқа алдымен Паскаль Пратт есімді француз суретшісінің картинасын көрсетті. Соны көзі байлаулы күйде салып беру тапсырмасы жүктелді. Ең қиыны сол – картина көз алдында толық көрініп тұрмады. Пазл түрінде туынды қиындылары айналып тұрады. Соны екі минут ішінде біріктіріп, ойша есте сақтап үлгеру керек. Бір айта кетерлігі, сол екі минут ішінде картина ақыры толық көрсетілген жоқ. Бұдан кейінгі кезең – сол суретті айнытпай салу. Бірақ көзі байланады. «Соқыр теке» ойнындағыдай «көрініп тұрған жоқ па?» дегендей тексеріліп, маскадан ештеңе көрінбеуі тиіс деген шарты тағы бар. Тапсырманы жүзеге асыруға бес минут беріледі. Сол уақыт ішінде Ренат сурет салып үлгерді. Жай салып қана қоймай, үлкен өнер туындысын дүниеге әкелді. Қазылар аң-таң. Әсіресе, хореограф Евгений Папунаишвили таңданысын жасыра алмады. Елубаев болса, сахнаға шыққан соң толқып, соның салдарынан аса әдемі сала алмағанын айтып әлек. Бірақ сурет, шынымен де, сәтті шыққан еді.
Осы бағдарламаның финалына жеткенше қазақстандық суретші түрлі қарсыластармен бетпе-бет келді. Бірі – парашютпен әуеде қалқып жүріп, Рубик кубигін құрастырды, енді бірі мәтінге қараған бетте қате табады. Сондай-ақ есте сақтау қабілеті керемет жігітпен де тайталасты. Көрермен берген дауыс нәтижесінде Ренат келесі кезеңге жолдама алды.
Елубаев шабытты табиғаттан алады. Таза ауада серуендеп, тыныстағанды жақсы көреді. «Адами қабілет шексіз. Көз байлаулы болса, тіпті ойламаған қабілеттер ашыла түседі» дейді ол.
Суретші жеке көрмесін де өткізді. Ол жерде импрессионизм стилінде салынған 29 картинасы қойылды. «Туындыларының шынайылығы сонша, суреттегі құбылыс бері қарай ауып түсетіндей әсер береді», – деген екен көрме қонақтары.
«Сурет салуды екі жасымда бастаппын. Тым ерте кезден басталғандықтан болар, өмірімді онсыз елестете алмаймын. Көз алдымда көрінгеннің бәрінен шабыт аламын. Алғашқы көрмем 2012 жылы өтті. Сыншылардың көбі жоғары баға берді», – дейді Ренат. Айтқанымыздай, Елубаевтың бұдан өзге өнері көп. Астанадағы Мемлекеттік филармония солистері Ренаттың жазған әндерін орындайды. «Көлеңке», «Полигон», «Гопник» сынды фильмдері де киносүйер қауымға таныс.
Кездесу барысында қонақтармен ашық сұхбат жүргізілді. Әрі ерекше қабілетін кезекті рет көрсету үшін 3 минут ішінде сурет салды. Әлбетте, әдеттегідей көзі байланып тұрған бетте. Тіпті шынайы шығуы үшін қатысушы қыздардың бірін айнытпай бейнелеп берді. «Бұл кездесу – үлкен қуаныш. Шақырғандарыңызға зор алғыс білдіремін. Әрине, бір күн ішінде барлық өнерді көрсету мүмкін емес. Алайда бұл соңғы кездесу емес деген ойдамын. Бүгін жастардың көзінен бұл өнерге деген қызығушылықты байқа-
дым», – деді Ренат Елубаев.
«Мұндай кездесулердің жастарға берер пайдасы көп деп ойлаймыз. Себебі, олар ғажайып нәрселерді көре отырып, алға ұмтылып, жаңа дүниелерді жасауға әрекет етеді деген үміттеміз. Сол себепті бүгінгідей кездесулер әлі де жалғасын табады», – деді қалалық «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Мархат Қасымов. Шара соңында жастар суретшіге шапан жауып, алғыс білдірді.
Жадыра АҚҚАЙЫР