«Көзін ағызып, қолын жұлып алған»: Оралда сотталған күзетшілердің біріне рақымшылық жасалды
Батыс Қазақстан облыстық сотының сот алқасы адам өлтіріп, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін сотталған күзетшілердің ісі бойынша апелляциялық шағымды қарады. Сотталушылардың біріне рақымшылық жасалып, қамаудан босатылды, деп хабарлайды kznews.kz сайты tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Облыстық сотқа жәбірленушілер, сотталғандар және олардың қорғаушыларынан апелляциялық шағым келіп түскен. Жәбірленушілер айыпталушы Қонысқалиға жазаны қатаңдатуды сұраған. Қорғаушылар болса, оны ақтауды сұрады.
«Қонысқалиға қатысты үкім өзгертілсін. Ол Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған рақымшылық жасау туралы бап негізінде негізгі жазасын өтеуден Әбуталіп Қонысқали дереу қамаудан босатылсын. Аян Хафизов пен Абзал Әділовке қатысты үкім өзгеріссіз қалдырылсын», — деді үкімді оқыған судья.
Сот үкімге кассациялық тәртіппен шағым беруге болатынын айтты.
«Сот алқасы Қонысқалидың әрекетін қайта бағалауға негіз көрмеді, өйткені сотта ол жәбірленушіні бірнеше рет ұрғаны, ал Әділов пен Кафизовтың әрекеті ауыр зардапқа әкелгені анықталды», — делінген сот үкімінде.
Бұған дейін Әбуталіп Қонысқалиға өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін 2 жыл 6 ай мерзімге жаза тағайындалған болатын. Оның серіктестері Аян Кафизов пен Абзал Әділов 18 және 17 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2019 жылдың желтоқсанында болған. Корпоративтен шыққан жігітті полиция наркологиялық диспансерге жеткізген. Ол жабық мекемеде бүлік шығарған соң, көмекке шақыртылған күзетшілер жігітті өлімші етіп, тепкінің астына алған.
Марқұмның туыстарының айтуынша, ер адамның қолын қайырып соққыға жыққанда қолы жұлынып, көзі ағып, жағы сынған. Ер адам жедел жәрдемде қайтыс болған еді.