Көзі жәудіреп, жаурап жатқан әжей 100 жаста

0
Көзі жәудіреп, жаурап жатқан әжей 100 жаста деп хабарлайды Информбюро. Екі айдан соң 101 жасқа толатын Ұлсүйген Сүтенқызы Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Кеңдала ауылындағы қызының қолында тұрады. Қызы да жалғызбасты ана, үйіне газ тартуға шамасы келмепті. Қарияның қолы қара тастай суық. Қызы кәдімгі пластмас бөтелкеге ыстық су құйып, оны қарияның аяқ-қолына басып, жылытпақ болғанымен, ол судың өзі тез суып қалады екен. Бөркімізді аспанға атып, цифрлы Қазақстанда өмір сүреміз дейміз, ал қарапайым ғана жылуы жоқ үйде ғасыр құрдасының тұрып жатқанынан жергілікті шенділер неге хабарсыз?
Нұршай Сәрсебаева, ғасыр жасаған қарт анасының аяқ-қолын осылай суды жылытып, бөтелкеге құйып, жылытпақ болады. Бірақ адам демінің өзі бу боп шығатын қара тастай суық үйде бөтелкедегі су тез суып қалады. Әжей мекен жайы бойынша Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек би ауылында тіркеуде болған екен. Ол қызының үйіндегілер ковидпен ауырғанда Нұршай Сәрсебаева «өзім бағамын деп» қолына алған. Жарты жылдан бері жағдайы да жақсы еді, күн суығалы мүлдем мазамыз кетті. Газ тартуға 700 мың теңгедей қаражат керек, оған қазір шамамыз жетпей отыр, – дейді.
НҰРШАЙ СӘРСЕБАЕВА, Кеңдала ауылының тұрғыны:
– Бүгін памперсі жоқ. Ауыстыратын нәрсе жоқ. Киімдерінің бәрі бүлінген, ауыстыруға да болмады. Анам екеуміз бір бірімізге қарап жыладық. Қиын болғанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл кісінің де мазасы кетеді. Сүйектерінің бәрі сықырлап тұр ғой.
Нұршай Сәрсебаева, Еңбекшіқазақ ауылының әкімдігі анамыздың жағдайын ешқашан сұраған емес, дейді. Ал, Талғар ауданына келгелі, жайымызды айтып, әкімдікке жүгінген емеспін. Тіркеуін сұрап қалар, оның үстіне, бұрын-соңды мәселемізді айтып, ешкімнің есігін қаққан емеспіз, — дейді. Кеңдала ауылының әкімдігі, әжейдің жайын ести сала үйіне келді.
АЛМАС ӨМІРЗАҚОВ, Кеңдала ауылының әкімі:
– Алты ай бұрын келген екен. Қазіргі мекен жайы да көрші аудандыкі болып тұр. Газ жүргізіп жатқан мәселені инвестор компаниямен және ауылдағы кәсіпкер азаматпен сөйлесіп, ары қарай жағдайды бақылауға алатын боламыз.
Ауыл әкімі, бүгін кешке дейін әжейдің үйіне жылытқыш құрылғысын жеткізіп береміз, газ мәселесі шешімін тапқанша қарияны қара суықта отырғызып қоймаймыз, деп уәде беріп кетті.
Видео сілтеме https://fb.watch/8vqOlcLDI_/ бойынша