«Көзі ағып, миы шашылып кеткен»: Түркістан облысында анасы мен қызын өз үйінде өлтіріп кеткен

0

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Амангелді ауылында қайғылы жағдай болды. 45 жастағы әйел мен оның 16 жастағы қызын көршілері 12-қыркүйектің түнінде өлі күйінде тауып алған.

Куәгерлердің сөзінше, түнгі екілер шамасында екі адам ғана тұратын аядай үйден қатты дүрсіл естілген. Одан шошынған көршісі дереу сол үйге барған.

«Көршінің үйінен түнгі екіден асқанда дүкілдеген дауыс шықты. Алғашында түсінген жоқпыз. Сосын жүгіріп барып қарадым. Терезені ұрғанда дауыс тоқтады. Өздері шығар деп қайтып кетіп бара жатқанымда қыздың ыңырсыған дауысы шықты. Не болса ол болсын деп жүгіріп кеп кіргенде біреу мені ұрып жіберді. Содан ұстап құшақтап алдым. Ол жұлқынып қашып құтылды», — дейді марқұмдардың көршісі.

Куәгер күдіктіні көріп үлгерген. Ол сол ауылдың тұрғыны, дейді ол.

«Өзім жуындырдым. Денесін адам қарап болмайды. Бет-ауыздарын танымайды адам. Таспен ұрып-ұрып кішкентай сіңілімнің көзін ағызып жіберген. Соншалықты хайуан болар ма? Бастарын жарып тастаған. Құлақтарының бәрінің айналасын тіккен. Жарылған. Түрі жаман», — дейді марқұмның туысы Гүлжан Байболатова.

Бұл жайтқа облыстық полиция департаменті өкілдері түсінік беріп, адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Полиция Түркістан облысының тұрғыны мен оның кәмелетке толмаған қызын өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деді полиция өкілдері.

Айта кетейік, кісі қолынан қаза тапқан 45 жастағы келіншек мектепте аспаз болған, үйінде 16 жастағы кенжесімен тұрған.

ақпарат: skifnews.kz

фото: stan.kz