Козачковтың тұтқынға алынуы бүкіл қолына қалам ұстағандарға сигнал — Айгүл Орынбек

0

Заңгер Айгүл Орынбек тұтқынға алынған журналист Михаил Козачков туралы айтты.Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — Kznews.kz тілшісі.

«Мойындау керек, дәл қазіргі кезеңде біздің елдің жүйесі нағыз жемқорлармен емес, солардың заңсыз әрекеттерін “әшкерелеп” көрсетіп жүрген адамдармен күресіп жатыр. Сондықтан, қазір жемқорлықпен ашық күресу қауіпті болып қалды. Себебі, миллиардтап жегендер өздерінің “былығы” ашылмас үшін сол деректерді көтеріп жатқан адам жайлы теріс ақпарат таратып, қоғамның алдында масқаралап шығады. Ал біздің қоғам миллиондап және миллиардтап жегендерді емес, керісінше сондай арзан әңгімеге сеніп, табалауға көшеді. Біздің халық жердің байлығын, бюджет қаржысының қайда жұмсалып жатқанын нақты талап етіп, әрбір тиынына дейін сұрау салып есептейтін болса, бізде жемқорлық тыйылар еді. Ал бізде қалай? Өкінішке қарай, халықтың құқықтық, экономикалық сауаты жетпей, тіпті кінәсіз адамды ақтап алуда немқұрайлық танытып жатыр емес пе?!

Ал сауаты жетіп, шындық үшін ортаға шыққысы келгендер мемлекеттен қолдау таппай, керісінше қудаланып жатыр. Мысалы мен осы сыбайлас жемқорлықпен отыз жыл бойы іштей күресіп жүргендердің қудалауға ұшырағанын білемін. Расында, мемлекетімізде жемқорларға қарсы заң осал, тіпті жемқорлар заңды өздеріне тиімді әрі оңтайлы етіп жасап алған деп айтсам да қателеспеймін. Қажет кезде “ермексаз” (пластилин) секілді қалаған жағына “бұрмалана” салатыны бар. Және оны құзырлылар да құптай кеткен кезде әділдік қайда деп күйінетін кездер де көп. Мемлекеттік қаржыны миллиардтап талантаражға салғандар небәрі екі-үш жылға қамалғандарды да көзім көрді. Ол ол ма, тіпті бухгалтерлері қамалып, қаржыны еншілеген және құжаттарға қол қойған басшылар бостандықта жүр. Мысалы, былтырғы пандемия өршіп тұрған кезде Шымкент қаласындағы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Наурыз айындағы мерекелік шараларға миллиондардың “шашылғаны” туралы ресми сауалнамама Антикор тарапынан әлі маған жауап берілген жоқ. Осыдан кейін, жемқорлықпен күресуде тек бір адам немесе қоғамның уәжі назарға алынбайтынына көзім жетіп отыр. Айтайын дегенім, Козачковтың тұтқынға алынуы бүкіл қолына қалам ұстағандарға СИГНАЛ!», — деп жазды Айгүл Орынбек.