«Көз алдымда бір қыздың қан-жоса болып жатқанын көрдім»: Желтоқсан оқиғасына қатысушылар естеліктерімен бөлісті — Қазақстан жаңалықтары

0

Тәуелсіздік күні — бүкіл ел болып тойлайтын еліміздің ұлық мерекесі. Биыл еліміз Тәуелсіздігіміздің 28 жылдығын тойласа, осынау қасиетті күнге мұрындық болған Желтоқсан оқиғасына 33 жыл толып отыр. Stan.kz тілшісі оқиғаның ортасында болып, қасіретті күндерді көрген желтоқсаншылармен байланысып, естеліктері туралы сұрап білді. 

гулбахрам жунис

Республикалық «Желтоқсан-86:Тәуелсіздік қырандары» халық қаһармандары қозғалысының төрайымы Гүлбахрам Жүнісова сол бір қанды алаңда қан жұтып, жанталасқан желтоқсаншыларды өз деңгейінде ұлықтай алмай отырмыз деп шырылдайды: 

«Бүгінде 16 желтоқсан Тәуелсіздік, Егемендік күні, жеңіс күні деп есептейміз. Соғыс болса да, көтеріліс болса да, оның мақсаты жеңіске жету. Сондықтан бұл мереке ең әуелі жеңіс күні болады. Біз үшін 16-17 желтоқсан еске алу күндері. Есімізде қалған жаңғырықтар мен естеліктер көп. Қамалдық, сотталдық, кейінен ісіміз тоқтатылып, ақталып шықтық. Еліміздің жыл сайын жеткен жетістіктері сол күндері құрбан болған бауырларымыздың қанымен келіп отыр деп ойлаймыз. Бұл күн біз үшін тарихи қасиетті. Қасыретті болса да қасиетті күн. 

Шындығын айтқанда еліміздің үлкен мерекесі ретінде тойланып отырған жоқ. Өкінішке орай, жетім қыздың тойындай өтеді десем жалған емес. 

Халқымыз емін-еркін бұл күнді тойлай алмайды. Біздің биліктің санасында үрей бар. Өз халқын өздері жау санап, өз халқынан қорыққан  күн. Халық емін-еркін тойлау керек. Өте төменгі деңгейде тойланып өтеді. Қазіргі идеология бала-шағамызды үреймен тәрбиелеу болып жатыр», — деп ішкі базынасын айтқан Гүлбахрам Жүніс желтоқсаншылардың деңгейін көтеруді алға тартады.  

«Бүгінгі күнге дейін желтоқсан көтерілісінің статусы толыққанды өз деңгейінде ұлықталып жатқан жоқ. Қазақ елінің тәуелсіздігінің күрескерлері деп дәрежелеп, марапаттап жатқан жоқ. Көлдеңең көк атты десең, ешкімнің көңіліне келмес, бірақ көлденең келген көк аттыға неше түрлі марапатты беріп жатыр. Желтоқсан жайлы алаңсыз ұмытып кетті. Біз кезінде Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға жаппай Қазақстанның құрметті азаматтары деген бірыңғай атақ беруін, қайтыс болғандарға Хаһарман атағын беруді ұсынғанбыз. Бір Қайратқа беріп, үлкен қазанның қақпағын жауып қойды. Өкініштісі осы», — деген Гүлбахрам Жүніс барша желтоқсандықтармен өте тығыз байланыста екенін, жылда алаңға барып, ескерткішке гүл қойып, құран бағыштайтынын айтады.

«Менің есімде қалған ең жарқын көрініс қазақ қыздарының сол кездегі ерлігі дер едім. Қыздар алғы шепте жүріп: «Жігіттер, қарап тұрмаңдар, көтеріліңдер» деп ұрандатып, қайсарлық көрсетуі мені қайран қалдырған. Көз алдымда бір қыздың қанжоса болып жатқанын көрдім…

Біз, жігіттер, сол қыздарды арашалап алып қаламыз деп алаңға шықтық. Бір қыздың шашынан сүйреп бара жатқанын көріп, құтқарамын деп таяққа жығылдым. Сол жерде көп жігіттер мен қыздарды машинаға тиеп алып кетті. Бізді тар жерге апарып, қамап тастады. Ол жерде көрген қорлығымыз, тіпті, жаман. Адам сыймай, аяғымыздан тік тұрдық. Үш күн, үш түн дегенде зорға құтылдық. Шыны керек маған сол жердегі полковник қазақ ағай қашып шығуыма көмектесті.

Ол маған «тыныш жүруімді, ешкімге ештеңе айтпай, елмен бірге қызықтап бардым» деп айтуымды талап етті.

Сол үш күннің ішінде көрген азабымыз әлі көз алдымда. Қыздарды біздің көзімізше әбден қорлады. «Сендердің қыздарың түкке де тұрмайды» деп соғып, аяқпен таптады. Тіпті, бала көтере алмасын деген қара ниетпен бұтының арасынан теуіп жатқанын көзіміз көрді. 

Күнде: «сен ол жерге неге бардың, пәленшені өлтірген сен  бе, мойындасаң жіберемін» деп таяқтың астына алғанда бетіміз, қол-аяғымыз іскенде көкала торғайдай болдық. Ол жерден сытылып шыққан соң сурет бойынша мені іздеген екен. Бірақ мен ол кезде ауылға кетіп, аман-есен қалдым», — деген Орынғазы Ораш қазір сол кездегі қанды көйлектерімен таныстық үзілмегенін айтады.

Мерекеде бас қосып тұратын олар осынау қасиетті мерекеміздің құны кетіп бара жатыр ма деп алаңдаулы. 

«Шындығына келгенде Тәуелсіздігіміз өз деңгейінде тойланып жүрген жоқ. Желтоқсаншылар әлі де өзінің бағасын толық алған жоқ. Бұл күнді тәуелсіздік күні дегеннен көрі «қаралы күн» деп жариялау керек-ау. Шын мәнінде ол күні қанды болды… Бүгінде Тәуелсіздікке көп акцент беріліп, сол егемендік жолында құрбан болған жастарымыздың еңбегі еленбей, көлеңкеде қалып қойды. Шынын айтқанда, Тәуелсіздік желтоқсаншылардың қанымен келген. Қаншама адам көмілді, жоғалды санын білмейміз. Көпшілікке жарияланбай жатқан қаншама ақпараттардың әлі ашылмай жатқаны қынжылтады. Жүрегіміз ауырады. Қазірде мектептегі іс-шараға бардым, көңілім түсіп қайтты. Әйтеуір, бір іс-шара өткізу керек пе, өткізе салды, атүсті қарайтынына тағы куә болдым», — деп ашына айтты ол.  

 

stan.kz