Косово премьер-министрі Гаага сотына шақырылған соң отставкаға кетті
Тәуелсіздігі ішінара танылған Косово республикасының премьер-министрі Рамуш Харадинай жұма, 19 шілдеде отставкаға кететінін мәлімдеді деп хабарлады Koha.net порталы.
Косоводағы әскери қылмысты зерттейтін Гааганың Арнайы трибуналы дәл осының алдында премьер-министрді айыпталушы ретінде сотқа шақырған. Ол Косово аумағынан бейбіт серб тұрғындарын депортациялады, азаптады және адам өліміне қатысы бар деген күдікке ілініп отыр. 1998-1999 жылдары Харадинай Косовоны азат ету әскери штабын басқарған. Аталған қылмыстың сол жылдары болғаны айтылады.
Жұма күні Приштинде болған баспасөз мәслихатында отставкаға кетуінің себебін түсіндірген премьер-министр қызметін жалғастыра берсе, Косовоға зиян келе ме деген қаупі барын жеткізген.
«Келесі сайлауға қатысам, бірақ қазіргі кезде елді басқара алмаймын, себебі бұл Косовоның жағдайын күрделендіріп жіберуі мүмкін» деді Харадинай баспасөз жиынында.
Бұған дейін Харадинай ісін қараған Гаага трибуналы екі рет оны ақтап шыққан. 2008 жылы сәуір айында Харадинай және азат ету әскері құрамында болған екі азамат — Ляа Брахимай және Идриза Баляй толық ақталып шыққан.
2010 жылы Гаага трибуналының апелляциялық палатасы куәлік берген адамдарға қысым жасалды, айыптау тарабында барлық куәгерлерді сұрау мүмкіндігі болмаған деген қорытынды жасады. 2012 жылы қайтадан сот өтіп, Харадинай екінші рет ақталып шықты.