Көшпенділердің жауынгерлік өнері
Қай заманда, қай дәуірде де, мемлекеттің іргетасы жер, халық және сол халықтың материалдық, рухани байлығы. Бұл үш ұғым ұлттың ұлтаны, ұлыстың ұстыны. Сондықтан болар осыдан 1300 жыл бұрын көк түріктің Білге қағаны «Ер теңі – ұлы билік» деп тасқа таңбалап, өсиет етіп қалдырып кеткен. Осы мәселені ерте түсінген ежелгі көшпенділер мемлекеттің билік жүйесін жасаған алғашқы кезеңнен бастап, отырықшы елдерден мүлдем басқаша жолды таңдаған. Азиялық жартылай отырықшы, көшпенділігі басым түрік этносы ел басқару ісін әскери-әкімшілік құрылым жасақтаған.
Осылай Ұлы далада орталықтанған басқару нәтижесінде экономикалық қуатты күштердің қолына билік шоғырланды. Билікті сақтау үшін қару-жарақты қосын-армия қажет болды. Ол үшін қарулы күштерді бір орталықтан басқаратын жүйе құрды. Ол «ондық жүйе» деп аталды. Бұл далалық қоғамның табиғи заңдылығынан туындаған құрылым. Осылайша ондық, жүздік, бес жүздік, мыңдық, түмендік (он мыңдық), бумындық (жүз мыңдық) далалық қосын-армия құрылымы пайда болды.
Қолдың ең төменгі бірлігі «ондық» бір ауылдан немесе бір атадан жасақталады. Ондықтың басшысын өздері сайлап алады. Бір ата, бір ауылдың азаматтары бір ондықта болғандықтан бір-біріне жағдай жасау, сол әулеттің, рудың ар-намысын қорғау, басқаның алдында ұятты болмау сияқты азаматтық жауапкершілік, саяси-моралдық деңгейге көтеріледі. Осындай психологиялық дайындық жеңімпаз армияны пайда болдырды.
Әскери бірліктің басшылары әскерлердің соғыс шеберлігін жетілдіру, қару-жарағын дайындап, психологиялық дайындықтан өткізіп, өзінен жоғары басшылардың тапсырмасын орындауға дайын тұрады. Жүздік он ондықтан, бес жүздік елу ондықтан, мыңдық жүз ондықтан, түмен он мыңдықтай құралды.
Армияның темірдей тәртібі төменгі ондықтан басталып, жоғары бас қолбасшы – басбұйрыққа дейін сақталған. Бұл дегеніңіз көшпенділер армиясының іргетасын қарапайым халық өзі қалап, сырттан қандай жау келсе де соңына дейін қарсыласып, аюдай алысып, өмір мен өлімнің бірін таңдауды қалыптастырған саналы жүйе.
Бейбіт заманда ондық жүйенің мүшелері малын бағып, отын жағып, көшіп-қонып, ағаш, темір, жүннен тауарын өндіріп, жүре беретін болған. Сондықтан бұл жүйені «әскери-әкімшілік құрылым» деп атаған. Сыма Циянның «Тарихи жазбалар» «сюнну баянында»: «…жігіт-желеңі шетінен садақ асынып, сайлауыт сарбаз болады. Салт бойынша олар жайшылықта мал бағып, аң аулап, күнелтеді. Жаугершілік күн туса барлық адам соғысқа аттанып, шабуылға шығады. Бұл олардың сүйегіне сіңген дәстүрі» деген тарихи дерек далалық көшпенділердің әскери-әкімшілік жүйесінің нақты сипаттамасы.
Далалықтардың соғыс өнерін ат-көліксіз елестету мүмкін емес. Ұлы далада атсыз азамат − мүсәпір. Соғыс аты дегеніміз – көкпарға үйретілген ат сияқты болған. Мысалы, соғыс кезінде шабуылға мінетін аттар тізгінмен бұрылмайтын етіп үйретілетін-ді. Шабуыл кезінде ат иесі жүгеннің тізгінін ердің қасына іле салып, оңға, солға, артқа, алға маневр жасап бұрып беретін болған. Астындағы атын осылайша үйретудің нәтижесінде атты сарбаз алға, артқа еркін бұрылып садақпен атуға, қылышпен шабуға, найзамен түйреуге, ат үстінен жауын жұлып алуға толық мүмкіндік туады.
Ғұн дәуірінен бастап жорыққа аттанғанда әрбір сарбаз үш-үштен сәйгүлік атпен жүретін болған. Мысалы, бір Күлтегіннің өзі тоғыз-оғыздармен шайқаста шабуылға үйреткен «алып шабысты ақ ат», «ақ азбан», «аздық (аз тайпасынан алған) қаракер», бірінен кейін бірін алмастырып мініп соғысқаны туралы тас ұстынға қашап жазып қалдыруының өзі көп ақпарат беріп отыр.
Бүгінгі қазақ даласы мен байырғы көк түріктің Өтүкен мен Кейре (Кентай) жоталарының аралығында мекендеген халықтарда жылқы тым көп болған сияқты. Соның ішінде Ғобы даласы мен Кейре жотасын мекендеген тоғыз-оғыз тайпасының одағы жылқылы болған. Тоғыз-оғыздарды қол астына алған соң Бумын қаған жужандарға, Құтлұғ Елтеріс қаған Таң патшалығының қаһарлы шабуылдарына тойтарыс беріп І, ІІ Түрік қағанатын орнатты. Ұлы даланың атты сарбаздары тоқтамастан 6-7 тәулік бойы алыс жолды аттың күшімен алып тұрды. Ат үстінде 6-7 тәулік бойы жүру оңай шаруа емес. Әрбір сарбаз белін жалпақ кіселермен, белдік немесе арқан, құрлармен берік қылып таңып тастап 6-7 тәулікті шаршамай артқа тастайтын болған. Осылай далалық армия ойламаған жерден жауларының сыртын орап шығып, сансоқтыру, қоршауға алу, алдап соғу, із кесу сияқты тактикаларының барлығы аттың күшімен жасап келді.
Әр сарбаз ерінің артқы қасына өңгере орналастырған су өтпейтін тері қоржындармен жабдықталған. Онда кептірілген құрт, ірімшік, талқан, құрғақ сүт салынған.
Жорық жолында алып дариялар мен өзендер тап болғанда қалқыма тұлым қайық пайдаланатын болған. Тайдың, серкенің терісін бітеу сойып, илеп былғары дәрежесіне жеткізіп оны тұлымдап тігіп, ішін ауамен толтырып қалқыма тұлым қайық жасайтын болған. Сол тұлым қайыққа киім-кешегін, қоржынын салып, жетек аттарына бекемдеп тіркеп, өздері үстіне отырып немесе аттарының құйрығынан ұстап ұлы дарияларды кесіп өтеді. Аялдайтын болса, ұлы қолдың қонысын шеңбер тәріздес етіп орналастырып, шеңбердің ортасына армияның орталық аппаратын, қолбасшыларын, шаруашылық мүлкін орналастырып, әскерлерден бірнеше қабат қоршау жасақтап қауіпсіздігін сақтайды. Бұл шеңбер қонысты байырғы түріктер «eb» деп атаса, моңғолдар «Курен» деп атаған. Ежелгі және ерте орта ғасырдағы Ұлы далалықтардың әскери бірнеше тактикасын сөз етсек:
1. Жауына психологиялық үрей тудыру. Ондаған, жүздеген дабыл, даңғараларды ұрғылап өз армиясын жүректендірумен қатар жауын үрейлендіріп сес көрсету, мыңдаған ысқырма оқ атқылап үрей туғызу.
2. Қаша соғып қақпанға түсіру.
3. Қаша соғысып, жаудың сілесін қатыру.
4. Далалықтар соғыс алаңын жылдам ауыстырып, ыңғайлы орыннан жаңбырша оқ жаудырып ес-ақылын алу.
5. Жеңілген жаудың ізіне түсіп қуалап, жау қолын кепілдікке алу.
6. Жау қолына бұрғылай кіріп опыра шабуылдау.
7. Итшілеу.
8. Жұлдыз шашу.
9. Бөрі бүлкек сияқты тактикаларды қолданған.
Солардың бірлі-жарымына түсінік берсек: жұлдыз шашу тактикасын қолданғанда қоян-қолтық шабуыл жасап, жан алысып, жан берісіп жатқан кезде, далалықтардың әлсіреуі байқалса дабылдың үні, тудың қозғалысымен орталық командадан белгі беріледі. Сол кезде сілкілесіп жатқан қол аспандағы жұлдыздай жан-жаққа шашылып сытылып қашады. Жау жағының біразы артынан қайсысын қуарын білмей мәңгіріп қалса, біразы бытырай қашқандардың артынан бытырай қуады. Осы кезде дабылдың үні, тудың қозғалысымен әскерлерін далалықтар бір жерге топтастырып үлгереді де, артынан бытырай қуып келе жатқан жау қолына біріккен түрде ауыр соққы беріп, талқандайды.
Бөрі бүлкек тактикасы бойынша артынан қуып келе жатқан жауларынан тым алыстап кетпей, қарасын көрсете қашып отырып, олардың дымын құртып шашыратып барып қайтарма шабуылдап соққы береді.
Азиялық көшпенділер соғыс тактикасын жоқтан бар қылып ойдан жасап шықпаған. Даланың ең ақылды жыртқышы, ең батыл айлакер аңы қасқырдан алған. Нақтылап айтсақ, бөрілердің шабуылын, адаммен қатынасын, психологиясын ондаған мың жылдар бойы зерттеп, танып біліп меңгерген. Нәтижесінде, қасқырлардың адам атты пендеден қорғана, көшпелілердің тән азығын қандай жолмен, қандай тактика қолдана отырып, тартып алу әдіс-айласын далалықтар өздерінің соғыс тактикасына шебер қолдана білген.
Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор, түрколог
Дереккөз: http://egemen.kz/