Көшпелі қазақ ауылының қысқы өмірі
Көктеуде ауыл төлдеген малдың төлі отығып, аяқтанғанға дейін отырады. Қар ери суы бар жерге – суатқа келіп қонады. Қыстау мен көктеудің немесе суаттың арасы жақын болады.
Күн жылына қырқымнан кейін (қойды қырқып, түйе мен тайдың жал-құйрығын күзейді) төлді пішеді. Сосын жаз жайлауға көшу басталады.
Толық жабдықталып ерттелген ат / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
Жоғардағы суретте ер-тұрман, ноқта-жүген, қанжығаға байланған кестелі қоржын, арқан мен бүркіттің қолдығы бар.
Қаңтару – тізгінді ердің қасына іліп байлау. Аттың басы жерге жетпейді, тартылып тұратындықтан жуас аттар тұра береді. Суретте ат теріс жағымен яғни қамшылар жағымен тұр. Екінші жағын мінер жақ немесе оң жақ деп атайды. Жүгенде ауыздық пен тізгін, ноқтада шылбыр болады.
Ат тағалау / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
«Тұлпар аттың тұяғы сазға тисе жетіліп, тасқа тисе кетіледі» деген мәтел бар. Таулы өңірде, әсіресе қыста тағаланған аттың тұяғы кетілмейді, табаны жұқарып тасырқамайды.
Түйені киізбен қомдап, екі шом ағашпен қысып байлайды. Жүк артқаннан кейін ауып кетпеу үшін байлаған арқанға бұрау салып қатайтады.
Қомдаулы түйе / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
Түйені шөгеріп, алдыңғы екі тізесін байлап тастайды. Түйені тұсап қоюға да болады. Ал атты тұсайды (алдыңғы екі аяғынан), өрелейді (алдыңғы және артқы бір аяғынан шідерлеу), шідерлейді немесе арқандайды.
Қолқа салу. Түйені қомдағанда не жүк артқанда кеуде жағын арқан қиып кетпес үшін арқанға қолқа кигізеді. Қолқа – киізден екі жағы тесік етіп жасалатын ұзын бұйым. Қолқа кигізілген арқанды түйенің астына тастағанда үйренген түйелер шөге қалады. Қазақтың «қолқа салу» деген сөзі осыдан шыққан.
«Қыстың қамын жаз ойла!»
Жайлау – малды маса-шіркейден алып қашып, салқын тау баурайына апарып бағатын шұрайлы алқап. Онда мал тойынып, бала-шағаның аузы аққа жариды. Қап-қап құрт-ірімшік, қарын-қарын сарымай мен қатық жасайды. Қой мен түйенің өлі жүні мен тірі жүнінен киіз басады, арқан-жіп есіп, қысқа дайындық басталып кетеді.
Көшке дайындық / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
Көш алдында түйені қомдайды, атты тағалап, ерттейді.
Түйенің мұрнын тесіп бұйда ағаш өткізеді. Оған жіп тағады. Сол арқылы жетелейді және байлайды. Ал тайыншаның мұрнын тесіп сірге тағады. Ол енесін емізбеу үшін жасалатын шара. Өгізді де мұрнынан жіп тағып жетелейді. «Бүлдіршін көзін сүзбесе буыршын бұйдасын үзбейді» деген осыдан қалса керек.
Ши тоқу / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
Шиді киіз үйдің оң жағына керме керіп тоқиды. Тоқылған ши сәнді болу үшін алдымен жүнді бояп, оны шиге орайды. Ши күзде жуандаған кезде тартып (жұлып) алынады.
Шиді керегенің сыртына орап, оның сыртынан туырлық жабады. «Ұрлықты бір күні туырлық, бір күні ши жасырады», «шыққан қыз шиден ары» деген сөз осыдан қалса керек. Қыз туралы айтқанда шиден ары кеткенмен туырлықтың ішінде екенін ойласақ біраз пәлсапаны түсінеміз…
Киіз басу үшін шыптаға жүн түтіп салу / Сурет Харынбай Ахынның ФБ парағынан
Жуып тазартылған жүнді шыптаға түтіп салып, ыстық су құйып шабақтайды. Сосын шимен қосып орап, жіп салып 1-2 сағат домалату арқылы жүн талшықтарын біріктіреді. Қолмен түткен жүннің талшықтары қиылмайтындықтан жүн тығыз болады әрі су өтпейді. Киізден суық та ыстық та өтпейді.
Киіз пісіру / Сурет Харынбай Ахынның ФБ парағынан
Киіз пісіру – 1-2 сағат домалатылып біріккен жүнді онан арман тығыздау үшін тарқатып алып шығып білектейді. Аздап ыстық су құяды да 1 сағаттай ширатып білектейді. Ол үшін көршілері келіп асар жасайды. Осылайша әр үй кезектесіп киіз басады.
Саба, іркіт, сарымай / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
Сабаға құйылған айран-сүт, шалапты піскеннен кейін майын алады. Қалғаны іркіт деп аталады. Іркітті қайнатып сүзеді де кептіреді. Ол құрт делінеді. Құртты қапқа салады, сарымайды үрлеп кептіріп қойған малдың қарынына салады.
Күйек маусымы
Малшы – өнімді қыста өсіріп, көктемде жемісін көретін халық.
Күйек байланған қошқар / Сурет abai.kz сайтынан
Мал қыста төлдеп, төлдің суыққа ұрынбауынан сақтану үшін күйті келген малға қошқар-текені қоспайды. Тек арнайы күйек байлап жібереді. Күздің басында қыркүйек айында күйек алынып, сұрыпталған енеліктерге қосылады.
Қыстаудағы жылы қораның ішінде шай ішіп отырған жігіттер / Сурет Харынбай Ахынның ФБ парағынан
Былайша айтқанда, қой-ешкілер төлін іште 6 ай көтеретіндіктен соған сай төлдейтін уақытын мөлшерлеп отырады.
Түлкі тымақ, қасқыр ішік, белінде күмістеген кісе белдігі, қында пышағы, мойында дүрбісі мен мылтығы, қолында дырау қамшысы, бұтында тері шалбары, аяғында табаны көн теріден қабатталып, киіз не тері ұлтарақ салынған саптама тері етігі, астында айғыры арқыраған қазақ малшысы – сол таудың қожасы екені даусыз.
Көшкенде баланы кебежеге салып, түйеге артып алады / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
Ал ірі қара малға күйек салынбайды. Алайда аталықтың ерте қосылып, сыйырдың ерте қашуынан, биенің ерте айғырдан шығуынан, түйенің ерте қаюынан сақтанады.
Күзеу
Жайлауға алғашқы қар түскеннен кейін ауыл тау бауырына құлап, ойға жақын күзеуге орналасады.
Тайқазанда қайнап жатқан ет / Сурет Харынбай Ахынның ФБ парағынан
Күзеу кезінде ел жиылып қоныс тебеді. Той-томалақ, ас, нәзір-тілеу де сол кезде көбейеді.
Күзеудегі ауыл / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
Ел қыстаудағы үйлерін жамап-жасқайды. Қораның қиын ойып, отын дайындайды. Сонымен қатар, жігіттер шабындықққа кетсе, қыз-келіншектер киіз, арқан-жіп дайындап, қысқа керек заттарды жасайды.
Қыстық қой қора / Сурет informburo.kz
Тау ішіндегі қораларды көбінесе тастан жинап, төбесін ағашпен тірейді. Үстін мал көңімен немесе күлмен жабады.
Қидың жартысы ойылған / Сурет informburo.kz
Малшылар қосы кейде қыстауға жақын күнгей беттерге келіп бірер ай ықтап, қыстайды. Онда да қора салып, қатты суықтан тасалайтын орын дайындайды.
Күз соңы жем-шөпті қыстауға тасиды.
Қыстауға көшу / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
«Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай,
Қыстың біреуі ерте, біреуі жай.
Ерте барсам жерімді жеп қоям деп
Ықтырма мен күзеуде отырар бай» – деп Абай атамыз айтқаны осы кез.
Түйемен жем артып апара жатқан ақсақал / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
Ауыл жұлдызшыларының болжамын негізге алады. Ауыл қариялары аспандағы жұлдыздың, аң-құс пен малдың қимыл өзгерісінен алдағы ауа райын біліп отырады. Мысалы, «ай шалқайып туса күн суық болады». «Үркер суға ерте түссе, қыс ерте басталады».
Осылайша үлкендермен ақылдаса отырып, қалың қарға ұрынбай қыстауға көшіп үлгереді.
Қыстау / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
Қыстау көбінесе ойға жақын, жалтаң, желге ық болатын және адырлардың күнгей бетіне бытырай орналасады.
Отар қос. Сусыз жерде қар ертіп ішеді / Ағажай порталынан алынды
Кей қыстаулар ішетін суды қардан ерітеді. Қар түскенде көшіп келетіні содан.
Ер азамат түздің, әйел қауымы отбасының иесі екенін осы қара қос пен қараша үйден сезінесіз.
Отар көші / Ағажай торынан алынды
Отар
Кей малшылар қыстан қысылып қалмау үшін алыстау құм жиектеріне, кең, күңгейлі, қысы жайлы жерлерге мал отарлатып кетеді. Ауылда азын-аулақ мал ғана қалады. Әсіресе жылқыны отарлатады.
Қасқыр баққан қазақтың баласы / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
Қолына бишік ұстап, қасына екі қасқыр ерткен мына баланың өмірі нағыз табиғаттың бір бөлшегі іспетті.
Соғым
Бұл – қыстаудағы алғашқы жұмыстың бірі. Малды семіз кезінде сойып, етін тұздап, кептіріп сүрлейді. Осылайша келесі жазға дейін жейтін етті дайындап алады. Әдетте үлкен отбасылар соғымға бір-екі ірі қара, оншақты ұсақ мал сояды.
Соғым және ет асу / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
Семіз қойды үйітіп те алады. Түтінге ыстайды. Осылайша қатты суық болмай тұрып тошалаға кептіріп алады.
Қыста мал жаюдың да өз ерекшелігі бар
Бәрі алдын ала ойластырылады. Мысалы,қар түспей жел көп тимейтін, қар қалың түсетін шұңқырларға малды жайып алады. Ал бұта-бүргенді беттерге қар қалың түскенде жаяды.
Сонымен бірге, әр күні аяз сынғаннан кейін малды өріске шығарып, жем-шөп үнемдейді. Қар қалың түскенде немесе боран соғып, қасат қар пайда болғанда алдымен жылқы малын өріске шығарады. Себебі тебіндеп, қарды теуіп шөпті аршып жейтін жылқының артынан сиыр мен қойды жайылтуға болады.
Қолға үйретілген қодас. Сарлықтар қысқа төзімді / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
Малшылар мініс аттарын бос қоя береді немесе жемдеп күйлі ұстайды. Себебі, мал жайғанда күш атқа түсетіні белгілі.
Қатты терлеген аттарды жабулап, суықтан сақтайды. Түйені де жабулайды. Әсіресе қаймалы інгендерді.
Бура қыста жарайды
Жабуланған түйелер / Ағажай порталынан алынды
Қыста түйе түйеқұйрық, бұта-бүрген, теріскен секілді биік өсетін өсімдіктердің басын шалып жейді.
Інген 3 жасынан бастап боталайды. Қайығаннан кейін 14 ай іш көтереді. Ал бура 5-6 жасында келеге түсіп, бір маусымда жиырмадан астам інгенді қайыра алады.
Бураның күйі қыста келеді. Күйі келген кезде аузынан ақ көбігін шашып, желкесін иығына соғып, артқы шабын құйрығымен ерсілі-қарсылы сабалап, тыныштық таппайды. Мұндай кезде бура адамға да айбат шегіп, шабуыл жасауы мүмкін.
Қансонар мен саят
Ыстық үйде буын бұрқыратып, етті асып отырған ауыл әр күні жоқ іздеген, амандасуға келген қонақтан үзілмейді. Аңшылар да бүркіттерін баптап, ырғаққа отырғызады. Қырбақ қар жауып ашылғаннан кейін қансонарға шығады. Түлкі мен қарсақ, қоян аулап, қызық қуады.
Саятшылар / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
Қазақ жігітіне керегі: жүйрік ат, түзу мылтық, қыран құс, сұлу жар, жақсы жолдас.
Кәнігі аңшылар алдын ала дайындалып апталаған сапарға шығады. Бұл салбуырын деп аталады.
Бүркіттің түлкі ұстаған сәті / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
Кейде аңшылар отарға кеткен малдың артынан барып, халін біледі. Жол бойы салбуырын құрып, саят жасайды.
Саятшылар жиналып тұр / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
Қардан шөп ашу
Кейде қар қалың жауып, ұсақ малдың шөп жеуі қиынға соғады. Қарды бұзу керек. Әдетте, соққан боран беткейдегі қарларды ұшырып кететіндіктен шөп ашылады. Ал боран болмаған кезде биік таудың етектеріне тас домалатып, көшкін түсіру арқылы қия бетті қардан тазартуға тырысады.
Қыста арық-тұрақты бөліп, жем-шөппен бағады / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
Одан болмаса, ұсақ малды жылқы үйірлері жайылған жерлерге айдайды.
Отардан оралу
Қатты аяз қайтып, қар жұқарып, жер жыли бастағанда отардағы қостар да малын айдап ауылға оралады. Міне, бұл – көктемнің алғашқы белгісі.
Отар қостың ең көп жасалатын тамағы – қуырдақ / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
Отар қостар жылжи қонып, малды жайып отырып, шаршатпай жеткенше бірнеше күн кетуі мүмкін. Үйренген мал да бірден ауылға асығады.
Қыстағы отар көші / Ағажай торабынан алынды
Әрине, малмен өскен ауыл адамына табиғаттың әр өзгерісі таныс. Сол арқылы көктемнің қашан туатынын да біліп отырады.
Көктем келді
Осылайша, жон-жон, адыр-адырдың жылға-жылғасынан су сылдырап ағып, жер бусанады. Көк те шығады.
Төлдеу немесе суат – қыстаудан кейінгі мекен / Сурет «Туған жердің түтіні» атты ФБ парақшасынан
Малдың аузы көкке жетіп, көк қуалай бастағанда күйек басталады, яғни, төлдей бастайды.
Ары қарай кереқап көтеріп, жеріген төлді емізу және қарны тоймағандарды бір-біріне жағызу деген жұмыс та басталады.
Дереккөз: https://informburo.kz