Көші-қонға тиянақтылық қажет

0

Барыс-келіс жеңілдетілді

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәлі­меттеріне қарағанда, 2050 жылға қарай әлемдегі мигранттар саны 400 миллионға жетіп жығылуы мүмкін. Оған қоса қазірдің өзінде заңсыз көші-қонға тартылғандардың есебі заңды миграциядан бірнеше есеге артып кетті. Осының салдарынан Еуропа елдері абдырап, АҚШ тарапы Мексикамен арада темір қамал тұрғызуға байланысты даудың астында қалды. 

Мигранттарға қатысты қалыптасқан әлемдік құқықтық тәртіп біздің елімізден де етек-жеңін жинап, олардың мәртебесіне қатысты заңнамаларды жетілдіруді талап етеді. Сондықтан халықаралық шарттар негізінде көршілес елдермен көші-қонға қатысты келісімдер ратификацияланып жатыр.

Мәселен, кеше Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы көші-қонға қатысты үш бірдей заң жобасын сенаторлар толық қабылдады.  Аталған құжат азаматтардың Отанына оралуына және атажұртымен байланысын үзбеуіне, барыс-келісіне, тарихи Отанымен мәдени байланысын сақтауына, өз мемлекетінің саяси өміріне араласуға кепілдік берілуіне және табысын жіберіп тұруына жағдай жасауды көздейді. Ал құжатсыз мигранттарға жалпыға ортақ декларацияға сәйкес адам құқықтарының қорғалуына жағдай жасайды. 

– Келісім азаматтардың екі тарап аумағында 30 күнге дейін тіркеусіз және тараптар аумағында жалпы 90 күн болуын

көздейді. Келісімді ратификациялау тараптардың аумағындағы азаматтардың болу мәселелерін құқықтық реттеуге мүмкіндік береді, – деді жалпы отырыс­та баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. 

Қосымша баяндамашы депутат Владимир Волков Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы стратегиялық әріптестік байланысты жоғары бағалай келе, құқықтық тәртіп мәселелеріне де назар аударды. Оның айтуынша, Тәжікстан азаматтары көбіне біздің елді Ресейге өткел ретінде пайдалануда. 

– Құқықтық жеңілдіктерді қабылдау Тәжікстан азаматтары біздің елімізге ағылып келеді дегенді білдірмейді. Өткен жылдың 11 айында елімізде Тәжікстанның 56 мыңдай азаматы уақытша тіркеуге тұрған. Олардың 33 мыңдайы – жеке шаруаларымен, 10 мыңдайы – турист ретінде, ал тағы 10 мыңдайы жұмыс істеу мақсатында келген. Сондай-ақ 11 ай ішінде Тәжікстанның 3777 азаматы әкімшілік, 41 азаматы қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 41 адам елден шығарылған, – деп түйіндеді В.Волков. 

Сайып келгенде, ұлттық қауіпсіздікке тікелей байланысты үш заң жобасы да толық қабылданды. 

Депутаттық сауал негізі – «Egemen» көтерген мәселе

 Жалпы отырыстың күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып болған соң, сенаторлар дәстүр бойынша депутаттық сауалдарын жолдады. Нақтырақ айтқанда, бір топ депутаттың Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа арналған сауалын оқып берген Динар Нөкетаева қант диабетінің 1-түріне шалдыққан балалардың ата-аналарының жанайқайын жеткізді. Оның айтуынша, 2018 жылдың қазан айына диспансерлік есепте тұрған қант диабетімен ауыратын науқастардың саны 326 449 адамды құрағанымен, науқастардың нақты саны ресми көрсеткіштерден айтарлықтай асып түседі. Медицина қызметкерлерінің айтуларына қарағанда, қазақстандықтардың көпшілігі қандағы қант деңгейін бақылауға ерекше мән бермейді, денсаулық жағдайына немқұрайлы қарайды, соның салдарынан өз сырқаты туралы кеш біліп жатады. Халықаралық диабет қауымдастығының мәліметтері бойынша, Қазақстанда 700 мыңға жуық қант диабетімен ауыратын науқас бар және қант диабеті елімізде індет сипатына ие болған.

– Қант диабетіне шалдыққан балалардың ата-аналары соңғы бірнеше жыл ішінде жалпы алғанда мемлекеттік органдар мен Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан немқұрайлы қарым-қатынас байқалатынын өкінішпен айтып отыр. Аталған мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында да кеңінен көтерілуде. Мәселен, тек «Egemen Qazaqstan» газетінде аталған жағдайлар бойынша бірнеше мақала шығып, Алматы қаласында қант диабетінің 1-түріне шалдыққан балалардың ата-аналарының қатысуымен бірнеше баспасөз конференциялары болып өтті, – деген Д.Нөкетаева Денсаулық сақтау министріне бірнеше ұсыныс берді. Ал сенатор Әли Бектаев өзінің депутаттық сауалында Үкімет басшысынан ауыл жастарына қамқорлық көрсетуді сұрады. 

– Бүгінгі таңда ауылдағы мамандардың орта жасы 50-ден асқан, ал ветеринарлар бойынша 58-60 жасты құрайды. Аграрлық секторда 2500-ден астам маман жетіспейді. Жыл сайын оқу бітірген 5000-ға жуық түлектердің көпшілігі ауылға бармай, өз мамандығына сай келмейтін түрлі жұмыстарда жүр, болмаса жұмыссыз. Білім және ғылым министрлігінің  мәліметіне сүйенсек, аграрлық мамандықтар бо­йынша білім алғандардың тек 68 пайызы ғана жұмысқа орналасады екен, яғни жыл сайын мемлекет есебінен мамандық алған 670-тен астам түлек жұмыссыз қалады. Ауыл шаруашылығы мамандықтарын жастардың көпшілігі әйтеуір бір диплом алу үшін таңдайтын сияқты. Сараптамалар көрсеткендей, аграрлық жоғары оқу орындарындағы студенттердің 40 пайызға  жуығы – қалалықтар, ал 70 пайыздайы қыз балалар, – деген Ә.Бектаев осыған байланысты өзінің бірнеше ұсынысын жеткізді. 

Жалпы отырыс соңында депутаттар Еділ Мамытбеков пен Сәуле Айтпаева елдегі өзекті мәселелер бойынша сауалдарын жолдады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»

Дереккөз: http://egemen.kz/