Көшеде жүрген ақтаулық жігітті «әскерге» алып кете жаздады

0

Әскери шақыртуға жауапты ведомство бұл жайтқа қатысты мәлімет берген жоқ

АСТАНА, 16 қараша — Sputnik. Ақтауда форма киген белгісіз біреулер жас жігітті көлікке отырғызып, әскери комиссариатқа алып кетпек болды, деп жазады «Актау-Лада».

Редакцияға қала тұрғыны хабарласып, інісінің басынан өткен жайтты баяндайды. Дәлел ретінде ұсынған видеода әскери форма киген екі ер адам оның туысын көлікке отырғызуға үгіттеп, әскери комиссариатқа апарамыз деп жатыр.

«Неге қызметтік көлік емес, неге тіркелген мекенжайы бойынша әскери комиссариатқа шақыру жібермеген деген сұраққа шақыру да, көлік те жоқ деп жауап беріпті. Бар болғаны, белгілі бір шаралар жоспарын ғана көрсеткен»– дем әңгімелейді басылымға сұхбат беруші.

Басылым атап өткендей, Ақтаудың қорғаныс істері бойынша басқармасы әлі ешқандай мәлімет бермепті.

Қазақстан Қарулы күштерінің күзгі әскери қызметке шақыруы 1992-2000 жылғы жігіттер үшін 12 қыркүйектен басталды.