Көшбасшы жолы – кейінгі жастарға өнеге
Елбасы ұрпақ қамы – ұлт қамы екенiн үнемі есімізге салып отырады. Күні кеше «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялап, тарихымызды әлем өркениеті тұрғысынан қарап, зерделеу қажеттігін айтты. Расында да, мықты далалық өркениетіміздің бар екенін әлемге танытқанымыз жөн. «Болашағың өзіңді зеңбірекпен атпауы үшін, өткеніңе тапанша кезенбе» деп Расул Ғамзатов айтқандай, адамзат ұрпағы басынан кешкен замандарды көңілге түюдің маңызы бөлек. Тарихи жәдігерлерді таңдай қаға тамашалап қана қоймай, оның қадіріне жете білу де маңызды.
Өркениетті елдерде музейге, мәдениетке деген жалпы халықтық құрмет ерекше. Біз де қазақ болмысын әлемге таныту үшін мәдениетімізге, рухани құндылықтарымызға құрметімізді жоғалтпауымыз керек. Барымызды бағалай білсек, басқаға танытарлық байлығымыз жетерлік. Әсіресе, рухани байлықтың орны айрықша.
Бұл мақаланың әр бөлімі өткенді сараптай отырып, бүгінмен ұштастыра айтылған. Қазақ жұртының тарихи түп-тамыры өте тереңде жатқанын жете түсіндіріп, «Біз кімбіз?» деген сұраққа терең де толымды жауап береді. Тарихымызды жүйелі түсінуге жетелейді. Мақаладағы көне тарихымызға қатысты негізгі жобалар Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысынан сыр шертеді. Мемлекет басшысының қырағылығы, көрегендігі туралы сөз басқаша.
Елбасы – қазақ халқының батылдыққа толы өткені, өркендеп келе жатқан бүгінгісі және жарқын болашағын байланыстырып тұрған көрнекті көшбасшы. Ол – адамзат баласына бір емес, бірнеше жаһандық жоба ұсынып, оның жүзеге асуына тікелей ықпал еткен тарихи тұлға. Төрткүл дүниені мәмілегерлігімен, бейбітқұмарлығымен тәнті етіп, ауызына қаратып келеді. Оған Елбасының халықаралық жиындардың биік мінберлерінде жасаған мәлімдемелері дәлел. Алмағайып дүниенің тамырын тап басып, оның жүрек дүрсіліне әлемнің құлағын түргізу, сол арқылы адамзаттың бас ауруына айналған шетін мәселелердің түйінін тарқату екінің бірінің қолынан келетін оңай шаруа емес. Бүгінгі таңда Қазақстан Көшбасшысының бір емес, бірнеше жаһандық бастамасы әлемнің алты құрлығында жүзеге сәтті асырылып жатыр. Аймақтық, жаһандық мәселердің шешілуіне белсенді атсалысып, халықаралық жағдайды реттеу мақсатында жаһан жұртына тың идеялар ұсынды. Халықаралық деңгейде Қазақстанды қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау үдерісінің көшбасшысы, аймақтық және аймақаралық интеграциялық үдерістердің бастамашысы, мәдениет, дін сонымен қатар өркениеттер арасындағы пікір алмасудың модераторы
ретінде танытты.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның экономикалық қуатын арттыру үшін сыртқы әлеммен сауда-экономикалық һәм инвестициялық байланыс жасауға басымдық берді. Ал елдің берекесі мен бірлігін сақтап, өзара сыйластық пен келісім орнату үшін Қазақстан халқы ассамблеясы атты ұлтаралық татулықтың бірегей институтын құрды. Мемлекет басшысының осы бастамасы Қазақстанды халықтар достығының мекеніне айналдырды.
Елбасы туған халқына Астана секілді сәнді де, салтанатты шаһар сыйлады. 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ халықаралық саммиті ұйымдастырылды. Сол кезде қазақ елінің бас шаһарында бір мезетте 56 мемлекеттің басшысы бас қосты. Қысқы Азия ойындарының жалауы да Астанада желбіреді. Бірнеше жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайы елордада өтіп жүр.
Астана экономикалық форумының ашық пікірталас алаңына айналғанына да біраз жыл болды. Ал елорданың ТМД елдері арасында тұңғыш, Азия елдері арасында төртінші болып халықаралық EXPO – 2017 көрмесін абыроймен атқарғанын әлем біледі.
ЕҚЫҰ төрағалығын абыроймен атқардық. 2010 жылдың желтоқсан айында әлем назары Астанаға ауды. Себебі ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің басшылары 1999 жылғы Стамбұл саммитінен кейін 11 жыл өткен соң алғаш рет ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылау үшін Қазақстанды бетке алды. Афинада өткен Сыртқы істер министрлерінің 17-отырысында ұйымға төрағалық етіп келген грек тарапы Қазақстанға ЕҚЫҰ төрағалығын тапсырды. Осылайша, біздің ел төраға ретіндегі халықаралық миссиясын бастап кетті. Атап көрсетейік, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету міндеті ТМД елдері арасында алғаш рет Қазақстанға сеніп тапсырылды. Біз бұл мәртебеге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһан жұртының алдындағы абыройы мен беделі арқылы жеттік.
ЕХРО – 2017 Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей қатысуымен және бақылауымен Қазақстанда 3 ай өткен ЕХРО – 2017 халықаралық көрмесі табысты аяқталды. Қазақстан Көшбасшысы жаһан жұртының назарын өзіне аударған халықаралық көрмені Астанада өткізу туралы бастаманы осыдан 9 жыл бұрын, Сарагосада көтерді. Ал 2012 жылдың 22 қарашасында Парижде өткен ХКБ EXPO халықаралық бюросы бас ассамблеясының 152-сессиясында Қазақстан EXPO көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды. Жасырын дауыс беру қорытындысында Астанаға ХКБ-ның 103 мүше мемлекеті қолдау білдірсе, Бельгияның Льеж қаласы 44 дауысқа ғана ие болды. Тәуелсіз Қазақстанның беделін бекітіп, даңқ-дәрежесін асқақтатқан көрме ұлттық экономиканың дамуына оң әсер етті. Бұл туралы Мемлекет басшысы ЕХРО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жабылу салтанатында:
– Әлем көз тіккен айтулы шара жоғары деңгейде және зор табыспен өтті. Шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 млрд теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристік сектор жандана түсті. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артты. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Қазақстанның астанасы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды, – деді. Оның абыроймен өтуіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өлшеусіз үлес қосты.
Қалай айтсақ та, бітімгер басшы Нұрсұлтан Назарбаев – дала дипломатиясының даналығын жетік білетін, мәмілегерлікті еркін меңгерген, араағайындық миссиясын мінсіз атқаратын сұңғыла саясаткер. Оның осындай көшбасшы жолы кейінгі жастарға өнеге.
Нұрлан Дулатбеков,
Мәжіліс депутаты