«Көршілер балаларымды ұры деді»: Қызын аязға тұрғызып қойған астаналық келіншек сұхбат берді
Қаршадай қызын далаға қуған ана ағынан жарылды. Қатты кеткенін мойындап бармағын шайнап отыр. Қақаған аязда қаршадай қызын далаға қуып шыққан ана өз әрекетін түсіндіруге тырысты. Айтуынша, көршілері бала-шағасын түртпектеп күн көрсетпеген. «Осыдан кейін ашуға ерік бердім» деген келіншек енді ата-ана құқынан айырмауды сұрайды. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
«Сенің балаларың ұры, сенің балаларың түрмеде жатады, түрмеде өседі» деген ол кісінің сөздері сүйегімнен өтті. Сосын мен: «Менің балаларым алған болса, мойындатқызам», — дедім. Анамын ғой енді. Қатты өкінемін. Ашумен істедім. Қатты ашумен істедім. Қалай істегенімді өзім де білмеймін. Бірақ ол тірлігіме өкінемін. Былай жария болып кетеді деп ойламаппын…», — дейді Айжамал.
Қазір төрт баласын дәрігерлер бастан-аяқ тексеріп шығып, ұрып-соғу нышандарының жоғына көз жеткізген. Ал Айжамалдың өзін психиатрға шақыртыпты. Тұрмыс тауқыметін тартқан көпбалалы отбасы пәтер жалдап тұрады. Әлеуметтік желіге суретті таратқан жапсарлас бөлмені жалдап тұратын көршілері болатын. Үй иесі ол отбасыны қуып жатыр екен. Ал қамқорлық органдары Айжамалға қатысты жақын арада бір шешім қабылдайды. Ашуын қаршадай қызынан алған келіншек ата-ана құқынан айырылуы да әбден мүмкін.
«Қазір отбасы ювеналды полиция бөліміне тіркеуге алынды. Материал Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға ұсынуға дайындалып жатыр. Сонымен қатар заңды өкілдерін заңмен белгіленген жауапқа тарту мәселесі қарастырылды. Анасы, әрине, өкініп отыр. «Ата-ана құқынан айырмаңыздар» деп сұрап отыр», — дейді қорғаншы және қамқоршылық бөлімінің басшысы Гүлім Жүсіпова.
Айта кетсек, әлеуметтік желіде дәлізде ұйықтап, далада жалаңаш жүрген кішкентай қыздың суреті таралған еді. Кейінен өз баласын аясыз жазалаған отбасы анықталып, полиция оқиғаның мән-жайын түсіндірді.