Көрші елдің жігітіне тұрмысқа шыққан қазақстандық ару мұңын шақты
Қырғызстанның жігітіне тұрмысқа шығып, бүгінде Бішкек қаласында өмір сүріп жатқан әйел жан сырын ақтарды. Өз өмірінен мезі болған келіншек ата-анасының үйіне баруға ұялатынын айтқан деп жазады «Алаш айнасы».
Туысқандарға қарауға бет жоқ дейтін қазақ қызы қайын атасының аузында сөз тұрмайтынын, ол өз балаларын жамандайтынын айтып, қынжылды.
Оған қоса, келіншек 35 жастағы ынжықтау, көп ауыратын мүгедек қайын ағасынан да мезі болғанын алға тартты. Ол аздай, өмірлік серігім болады деп қосылған жан жары да соңғы уақытта жанұяның шырқын бұзып жүр екен.
«Күйеуім ішеді. Кейінгі кезде ішуі жиілетіп кетті. Алға қойған еш мақсаты жоқ. Екі балам бар. Солардың болашағын ойлаймын. Өзім жұмыс істесем, кетіп қалар едім. Екінші балам кішкентай. Кейде неге шет жаққа куйеуге шықтым екен деп өкінемін. Өз әке-шешеме баруға ұятым жібермейді», — дейді ол.
Сырласатын жан таппай, жылай-жылай шаршаған келіншек Алматыда баламен бірге қабылдайтын баспана немесе мұқтаж жандарға көмек беретін мекеме туралы сұраған.