«Короновирустың емі ауылда»: Мақсат Базарбаев елді шулатқан вирустан қорғану тәсілін айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Әлемді дүрліктірген коронавирус өнер иелерінің шығармашылығына үлкен әсер етуде. Үнемі көпшіліктің ортасында жүретін жұлдыздар қазір қызу сақтық амалдарын жасауда екен. Солардың бірі-Мақсат Базарбаев. Әншімен Stan.kz тілшісі сұхбаттасып, вирустан сақтану тәсілдерімен ортақтасып қайтты.

Мақсат

Мақсат аға, қайырлы күн. Ең әуелі сұрақты шығармашылықтан бастайықшы. Неге хит әніңіз жоқ? 

Қандай бағытта, тақырыпта ән жазу керектігін түсінбей қалдық қой. Қай бағыттағы әннің хит болатынын қазір анализ жасау мүмкін емес. Халықтың талғамын түсіну қиындау. Одан бөлек мынау хит болады деп 100% сезіп-білу тағы мүмкін емес. Іштей «халыққа ұнайды»деп жазған ән соншалықты сұранысқа ие болмай қалуы әбден мүмкін. Хит ән деген әнші үшін  Алланың беретін бағы ғой. Бұйырған кезде менің де бір хитімді халық естиді деп сенемін.

Өнерден өзге бизнесіңіз бар ма?

Өнерден өзге үлкен бір бизнесім жоқ. Қазақ үшін керемет бизнес — мал шаруашылығы ғой. Ауылда сол азды-көпті малдарым бар. 

Отбасыңызға да шолу жасап өтейікші. Жеңгеміз қайда? Және үйде ыдыс-аяқ сылдырлаған кезде кім бірінші сабырға келеді?

Жолдасым жұмыс жасамайды. Үйде бала тәрбиесімен айналысуда. Бәлкім, болашақта өзі қалап, жұмысқа шығамын десе қарсы болмаймын. Ал, сіз сұрап отырған ыдыс-аяқ, Аллаға шүкір біздің үйде сылдырламайды. Ол кезеңнен өтіп кеттік. Қазір бір-бірімізді қасымыз бен қабағымыздан-ақ түсінеміз.

Бүгінгің хиті инстаграмда аса белсенді емессіз. Неге? Арнайы smm мамандармен жұмыс жасау жоспарда жоқ па?

Мен инстаграмға ішіп-жегенді салатын адам емеспін. Клиптерімді, концерттерімді, әріптестерімнің жарнамаларын салып жүре берем. Ешқандай ондай мамандармен жұмыс жасаған емеспін. Жоспарымда да жоқ. 

Ақша ешкімге де артық етпейді ғой. Инстаграм арқылы табыс табу жоспарыңызда жоқ па?

Жоқ, инстаграмның ақшасына мұқтаж емеспін. Сондықтан, аса бір табыс көзі ретінде көрмеймін.

Әлемді шулатқан коронавирус сізге,сіздің шығармашылыққа қаншалықты әсер етуде? Және қандай сақтық амалдарын жасаудасыз?

Сақтықта қорлық жоқ. Сақтанып жүрміз. Дәрігерлер айтқандай қолды жиі жуып, маска киіп, көп су ішуге тырысудамыз. Бұл қолды сілтеп жүре беретін дүние емес. Әлем шулағаннан кейін мұқият ден қою керек деп ойлаймын. Шығармашылыққа да үлкен әсер етуде. Батыс өңірінде «Әзіл әлемімен» концерттік сапарда жүр едік. Тоқтатып кері қайттық. Қазір реті келсе бала-шағамды алып, ауылға кетуге ниеттімін. Ауылдың таза ауасы, таза еті мен сүті талай дертке шипа шығар. Меніңше, коронавирустың емі-ауылда.

Сөз соңында, Мақсат Базарбаев өмірге қайта келсе нені өзгертер еді?

Қайта өмірге келсем бәрі осы қалпында болғанын қалар едім. Өміріме ризамын. Әр басқан қадамыма да, сынағыма да, қуанышыма да шүкірлік етемін.

stan.kz