Коронавирустың таралуын бақылай алмай қалу қаупі туып отыр – министр

0
18

Министрдің айтуынша, бір түнде қырықтан аса адамнан коронавирус инфекциясының табылуы алаңдатарлық жағдай

АЛМАТЫ, 28 наурыз – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев індетке шалдыққандардың күннен күнге көбеюіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Індеттің таралуы үдеп барады. Бір түнде қырықтан аса адамнан анықталуы алаңдататын жағдай. Вирус жұқтырғандардың саны 204-ке жатты. 1 899 адам стационарлық карантинде жатыр, үш жарым мың адам үй карантинінде. Алты мыңнан аса адам ауырғандармен байланыста болған, олардың 95%-і анықталды. Қазір біз өте күрделі кезеңде тұрмыз. Вирустың таралуын бақылай алмай қалу қаупі туындап отыр,» – деді Абаев онлайн брифингте.

Осы ретте министр Италиядағы жағдайды мысал етіп, қазақстандықтарға үйден шықпауға кеңес берді.

«Өзге елдердегі жағдайға қараңыздар. Италияда бір күнде 960 адам қайтыс болған. Оның барлығы сақтық шарасына салғырт қараудың салдары. Бұл жағдай барлығымызға сабақ және ескерту болуы керек. Коронавирус, әсіресе, жасы үлкен адамдарға қауіпті. Өзіміз үшін қорықпасақ та, үлкендерімізді ойлайық. Кейбір адамда ауру белгісі бірден білінбеуі мүмкін, ондай адамдар үйде отырмаса, өзі білмей басқа адамдарға жұқтырады. Осылайша ондаған отбасының обалына қалуыңыз мүмкін. Осындай жағдайдан сақ болайық», – деді министр.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда коронавирустан бір адам қайтыс болды

Айта кетейік, елімізде науқастардың саны 204 адамға жетті. Бұған дейін он бес адамның сауығып, тағы бір әйелдің қайтыс болғаны хабарланған еді.

16 наурыздан бастап елде төтенше жағдай жарияланды. Режим отыз тәулікке созылады. Ал елорда мен Алматы карантинге жабылды.



sputniknews.kz