Коронавирустың кей адамдарға еш әсері жоқ — ғалымдар

0

Ұлыбританиядағы Ньюкасл университетінің ғалымдары неге кей адамдар коронавирусты жұқтырғанымен, ауру белгілерін сезбейтінін анықтауға тырысып, күтпеген қорытындыға келді деп хабарлайды sibkray.ru сайтына сілтеме жасаған kznews.KZ. 

Зерттеушілер геннің адам өміріндегі рөлі маңызды екеніне кезекті рет көз жеткізіп отыр. Олар адам гені COVID-19-бен күресуге де әсер ететінін анықтаған. Коронавирустың салдарынан ауыр жағдайға түскен науқастармен салыстырғанда, ауру белгілері мүлде жоқ науқастардың барлығында дерлік HLA-DRB1*04:01 гені бар екендігі анықталған.

Зерттеушілердің пікірінше, бұл геннің иелері белгісіз себептермен инфекцияның ауыр салдарынан қорғалған, десе де олар ауруды өзгеге оңай жұқтыра алады. HLA-DRB1*04:01 генінің болуы немесе болмауы адамның тұратын жеріне байланысты дейді ғалымдар. Мысалы, Еуропаның әрбір бесінші тұрғыны осы геннің иесі болып табылады екен.

Кейбір адамдардың неліктен ауыратынын түсінген сайын, өзімізді осы вирустан және басқа осыған ұқсас вирустардан болашақта қорғай аламыз, — дейді Ньюкасл университетінің докторы Карлос Эчеваррия.

Ол ғалымдар өте маңызды жаңалық ашқанын алға тартып отыр. Бұл кейбір адамдардың вирусты жұқтырса да, оны жеңіл еңсере алуын түсіндіреді дейді Карлос.