Коронавирустың екінші толқыны қашан басталады – ұлттық орталық болжам жасады

0

Індеттің екінші толқыны шамамен желтоқсанға жақын уақытта басталуы мүмкін, деп болжады ғалым Бауыржан Жүсіпов

Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы коронавирустың екінші толқынына болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Орталық директорының бірінші орынбасары Бауыржан Жүсіповтың айтуынша, Қазақстан маусым-шілде айларында коронавирустың шарықтау шегінен өтті. Бұл алғашқы әрі негізгі толқын болды. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесі біраз тәжірибе жинаған. Сондықтан вирустың екінші толқыны қатты қарқын алмайды.

«Коронавирустың екінші толқыны шамамен желтоқсанға жақын уақытта басталады. Қыркүйек мен қазанда тыныш болады. Ал қараша айында алғашқы белгілер көрінуі мүмкін», — деді Жүсіпов «Ғалымдар Aлаңы» онлайн жобасының пікірталас алаңында.

Ғалымның ойынша, бетперде кию мен арақашықтық сақтау сияқты санитарлық нормалар сақталса, коронавирустың екінші толқыны болмауы да мүмкін.

«Халықтың 20-30 проценті ауырып шыққан шығар деп отырмыз ғой. Оған қоса, адамдардың 95 проценті бетперде тағып жүрсе, жаңа жылға дейін коронавирустың екінші толқынын көрмеуіміз де мүмкін», — деп атап өтті Жүсіпов.

Айта кетейік, соңғы бір тәуліктің ішінде республика бойынша 173 адам коронавирус жұқтырған. Жалпы, COVID-19-ға шалдыққандардың саны 105 075 адамға жетті. Коронавирустан 1 523 науқас көз жұмды.

Бұдан бөлек, 1 тамыздан бастап Қазақстанда коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққан 23 543 науқас анықталды. Ондай диагнозбен 268 адам қайтыс болды.