Коронавирустың екінші толқыны басталып кетті – Біртанов
Денсаулық сақтау министрі коронавирустың келесі толқыны маусымдық тұмау эпидемиясымен бірге қазан айында болады деп болжады
НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Қазақстанда коронавирус инфекциясының екінші толқыны басталып кеткен. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Қазақстанда бірінші толқын өтіп кеткен. Сәуір айында коронавирус инфекциясының шарықтау шегі болды. Одан кейін науқастардың саны төмендей бастады. Ал мамырдың ортасында тағы күрт көтерілді. Негізі Қазақстанда коронавирустың екінші толқыны жүріп жатыр», — деді Біртанов бүгінгі онлайн брифингте.
Министрдің айтуынша, әлем бойынша бірде-бір мемлекет коронавирусты толығымен жоймаған. Вакцина шықпайынша, я болмаса, инфекцияның өзі әлсірмегенше екінші толқыны да, үшінші толқыны да келе береді.
COVID-2019: Біртанов қайтыс болған 37 адамның неге есепке алынбағанын түсіндірді
«Коронавирустың келесі толқыны тұмаудың маусымдық эпидемиясымен бірге қазан айында болады деген болжам бар. Иә, дәл сол уақытта коронавирус инфекциясы күшейеді деп есептейміз», — дейді Біртанов.
sputniknews.kz