Коронавирусты жеңгендер неден зардап шегуде?
Жұқпалы дертті жеңгендеріне жарты жылға жуықтаған науқастар вирустың зардабын әлі күнге дейін тартып келеді. Дем алуы қиындап, ұйқысы бұзылып, бойынан әлсіздік белгілері байқалады екен. Әлемде мұндай жайттар күннен-күнге көбейіп жатыр. Ал пандемия тарағалы бақандай 6 ай өтсе де, вирустың нақты неден шыққаны әлі де басы ашық сұрақ күйінде қалып отыр. Салдарынан вирусқа қарсы вакцинаны шығару процессі де созылып кетті. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бүгін індетті еңсерген елдердің тізімі тағы толықты. Бұл жолы Біріккен Араб Әмірліктерінде жұқпалы дерттен соңғы пациент жазылып шықты.
АЛЕКСАНДР ЛУКАШЕНКО, БЕЛАРУСЬ ПРЕЗИДЕНТІ
«Наша система здровоохронения выстоила. Но мы не снижаем градус борьбы. Хотя уже сегодня можно сказать мы победили».
Ал жұртынан сүйінші сұрап жатқан бұл — Белорусь президенті Александр Лукашенко. Шығыс Еуропаның іргесіндегі аграрлы елге де індетті толықтай жеңуге сәл қалды. Мұнда вирусты жұқтырғандардың 90 пайызына жуығы дерттен құлан таза айыққан екен.
Ал Въетнамда әлем бойынша коронавирус ең ауыр формада өткен пациент жазылып шықты. 43 жастағы ер адам инфекцияны көктемде жұқтырған еді. Кейін жағдайы күннен-күнге нашардап, тіпті 2 ай бұрын комаға да түскен еді. Ал бүгін аман-есен үйіне жеткізілді. Қуанышты хабарымен Солтүстік Корея да бөлісті. Көшбасшылары Ким Чен Ын, әлемде пандемия тараған алты айда елдерінде бірде-бір адам вирус жұқтырмағанын айтады. Құпиясы қатал тәртіпте жатыр дейді.
Ал француздықтар індетті жеңгендерін тойлап жатқан жоқ. Халқы көшеге іштері пысқандарынан шығып, концерт ұйымдастырды. Салдарынан елде дерт қайта өршіді. Қазірдің өзінде індеттің ілмегіне ілінгендердің саны 171 мыңнан асып, вирустан көз жұмғандардың саны 30 мыңға жетті. Ал жалпы әлем бойынша қызыл статистиканың көшін бұрынғыдай АҚШ бастап, Бразилия қостап, антиүздіктердің үштігін Үндістан түйіндеп тұр. Соңғысында бүгін 29 мың адамнан қауіпті вирус табылып, елде жаңа антирекорд орнаған. Жұқпалы дертті жұқтырғандардың арасында әлемге аты мәшһүр актриса — Айшвария Рай да бар
.
Ал Трамп бастаған ел әлемді әлі де «таңғалдырудан» жалығар емес. АҚШ-та 3 млн 200 мың адам вирусқа шалдығып, күн сайын бұл сандар артып жатқанына қарамастан, бүгін елдегі ең үлкен саябақ жұмысын қайта жандандырды. Ал қайда барса да, үнемі бетперде тағудан бас тартатын Трамтың өзі, денсаулығына алаңдай бастады ма, әйтеуір көптің алдына алғаш рет маскамен шықты. Оған қоса, дүниежүзі ғалымдары дабыл қағып отыр. Індетті жеңген пациенттердің дені дерттің зардабын әлі бірнеше ай бойы тартады екен.
ДЖИННИ МАКГИНЕС, «COVID-19» ИНФЕКЦИЯСЫН ЖЕҢГЕН НАУҚАС
«Вируспен ауырғанға дейін денсаулығымда еш кінәрат болмайтын. Сопртпен шұғылданып, кикбоксингпен айналысып жүретінмін. Ал жарты жыл бұрын коронавирусты жұқтырып, екі апта ауруханада жатып шыққам. Енді қазір 5 минут те жаттығу жасай алмаймын. Ұйықтаған кезде біреу тұншықтырғандай болады. Далада жүргенде де дем алуым қиындап, әлсіздік сезіне бастаймын»
Ал өткен аптада ғана туристердің келуіне рұқсат берген Германия, Хорватия мен Грецияда індет қайта өршіп кеткен екен. Салдарынан аталған елдерде карантин режимі қайта енгізілуі мүмкін. Ал ауруханаларда бірде-бір пациент қалмаған Италия билігі шекараны ашуға асықпайды. Керісінше, шектеу шараларын жыл соңына дейін ұзартпақшы. Испаниядағы ахуал да соған саяды.