Коронавирустан қорқуда: ШҚО-да екі ауылдың тұрғындары бас көтерді — Қазақстан жаңалықтары

0

Шығыс Қазақстан облысындағы екі ауылдың тұрғындары аймақта коронавирус жұқтырған қытайлық жұмысшылар жүр деп шу шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

шу

Аталған жағдайға байланысты жазбалар әлеуметтік желілерде де тарай бастады. 

«Қытайда тұрғындарын көшеге шығуға тиым салып жатса, Зайсанға 42 қытай жұмысшысы кіріп кетті дейді. Қытайдағы карантин уақыты біткенше шекарамызды ашпауымыз керек! Ел билігі неге отпен ойнап отыр? Короновирусқа бөлінген қаражат таусылды деп тағы отыр. Халық шуламаса шекараны ашып қытайларды кіргізе бермекші ме? 42 қытайды тез арада елдеріне қайтаруды талап етемін!», -деп жазыпты жергілікті тұрғындардың бірі. 

Десек те Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі короанвирус жұқтырған қытайлық жұмысшылар Зайсан ауданындағы ауруханаға жатқызылады деген сыбысты жоққа шығарды.

Бас көтергендер Сарытерек пен Айнабұлақ ауылдарының тұрғындары екен. Олардың дүрлігуіне жергілікті ауруханаларға аты жаман аурыды жұқтырған қытайлық жұмысшылар жатқызылады деген ақпарат түрткі болған. Ауылдықтар шекараны жауып тастауды талап етіпті. Алайда жергілікті билік ешқандай жұмысшыларды ауруханаға жатқызбаймыз деп отыр. 

Бұған қоса әкімдіктегілер жалған мағлұмат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылғанын қосты. 

Шу болған мәселені ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жоққа шығарды. Оның сөзінше, қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында коронавирусты жұқтырғандарға арнап 20 орын дайындалып қойылған. 

«Қытайлық жұмыскерлерді алып келеді деген жалған ақпарат таратылған. Бұл — нағыз араңдатушылық, себебі екі ел арасындағы жолаушылар тасымалы жабылғанына біраз болды. Коронавирусты жұқтырғандарға арнап 20 орындық емхана дайындап қойдық. Біз науқастарды басқа тұрғындардан толығымен алшақтатын боламыз», — деп мәлімдеді Біртанов.

Бұған дейін аймақтағы тұрғындар Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовпен кездесу кезінде Қытаймен шекаралас жатқан ауыл жағдайы үшін қатты алаңдап отырғанын жеткізіпті. Облыс басшысы оларды сабырға шақырып, шекара мұқият қадағалауда екендігін айтыпты. 

 

 

stan.kz