Коронавирустан қалай қорғануға болады, маска көмектесе ме?
Көрші Қытай елінде жаппай тарап жатқан коронавирустан қалай қорғана аламыз? Қазақстанға тудыратын қаупі қандай? Қытайдан келіп жатқан тауарлар мен тағамдар арқылы жұқтырып алуға бола ма? Осы сұрақтар желісі бойынша «Qmed» ұлттық инновациялық медицина палатасының маманы Әкім Тұрсұн сұхбат берді.
– Әкім Тұрсұн мырза, коронавирустан бізге қауіп бар ма, қорқу керек пе?
– Қазір жұрт қатты дүрлігіп кетті. Әлеуметтік желілерде нешетүрлі жазбалар мен видеолар тарап жатыр. Коронавирустың қоздырғышы тұмауды тудырушы вирустардың топтамасына жататын РНҚ-лы вирус. Бұл — солардың мутацияланған түрі. Коронавирус жарқанаттан келген. Бірақ ол бір рет қана жұғуы мүмкін. Есіңізде болса, бұрын құс тұмауы, шошқа тұмауы болған. Бұл тұмаулар ет, жұмыртқадан тоқтаусыз берілді. Ал коронавирус тек қана адамнан адамға жұғады.
– Сонда бір адам қанша адамға жұқтыруы мүмкін?
– Бір адам 2-8 кісіге дейін жұқтыра алады. Мысалы, қызылша ауруы 17-18-ге дейін барады. Яғни, коронавирусты мұнымен салыстырғанда көрсеткіші аз болып тұр. Бірақ коронавирустың қауіптілігі сол – оның айқын белгілері жоқ. Тура тұмау сияқты басталады, диагностика жасау қиындау болып жатыр. Бірақ оны тест түрінде анықтауға болады. Бұл арнайы лабораториялық зерттеу арқылы жүргізіледі. Қан немесе сілекей, мазок арқылы анықтауға болады.
– Бір адам сегіз кісіге жұқтыру мүмкіншілігі қорқуымызға негіз бар сияқты…
– Қазір әуежайда адамдарды тексерістен өткізіп жатқаны тыныштандыру мақсатында жүргізіліп жатыр. Тексеру кезінде ауырып тұрған адам болса, оған диагностика жасайды. Ары қарай емдейді, үйіне жібереді. Бірақ вирус 10-14 күннен кейін ғана анықталады. Ал оның емделуі бас-аяғы 20 күн. Тағы бір мәселе, коронавирус тыныс жолдарының қабындырып, созылмалы ауруларды қоздырады. Сол себептен де адамдар коронавирустан емес, сол бұрынғы ауруларының асқынуын көз жұмып жатыр. Коронавирус тек себепші болып отыр. Адам ауырған кезде оның ең әлсіз тұстары қоза бастайды, иммунитеті әлсірейді.
– Коронавирустың белгілері қандай?
– Оның белгілері жәй тұмаудан айрымашылығы жоқ. Айқын белгілері болмаған соң да оны анықтау қиынға соғуда. Дене қызуы көтеріліп, мұрыннан және көзден су аға бастайды. Жөтел пайда болады. Кейбіреуінде іш өтіп, құсып жатады.
– Вирустан қалай қорғана аламыз?
– Күніге қолымызды сабындап жуып жүргеніміз абзал. Дәріханаларда сатылып жатқан маскалардың вирустан қорғау мүмкіншілігі төмен. Ол үш-төрт сағатқа дейін жарамды. Сол үшін маскаға алданбай-ақ қойыңыздар. Үйдің ауасын тазартып отыру керек. Бөлмені желдетіп отырмаса, тұмау вирусы көбейе түседі. Содан кейін балаларды қоғамдық орындардан әзірге алыс ұстаңыз. Мұрынға оксолин жақпа майын жағып жүріңіз. Айта кетейін, қорғанудың жолы осы екен деп, вирусқа қарсы препараттарды ішудің қажеті жоқ. Тек уақытында тамақ жеп, мүмкіндігінше су көбірек ішіңіздер.
– Қытай бізге көрші мемлекет қой. Осы жағынан қауіп төніп тұрған жоқ па?
– Жалпы вирус ауа арқылы тарайды. Бірақ Қытайда біреу түшкірсе, ол Қазақстанға ауа арқылы келеді деген түсінік қате. Өйткені ауаға тараған вирус бес метр жерден кейін бір сағатқа жетпей өліп қалады. Сондықтан ештеңеден қорықпай, жегіңіз келген тағамды тұтына беріңіздер.
– Қытайдан келетін тауарларды да қолданбағанымыз жөн бе?
– Қазір «Қытайдың бананын жемеңдер» деген түрлі әңгімелер шығып жатыр. Бірақ вирус өзіне өте жағымды, ыңғайлы ортаға түскен кезде оның өмір сүру ұзақтығы 14 күн. Ал вирусқа ең қолайлы орта адамның денесі. Егер ол кісінің иммунитеті мықты болса, вирусқа қолайсыз болады. Ары қарай дамымайды. Вирус әлдеқандай затпен немесе банан арқылы жұқпайды. Банан ол жәй ғана өсімдік, қанайналым жүрмейді. Сол себептен Қытайдан келген заттан вирус жұғады деген түсінікті ойдан шығару керек.
– Жалпы вирустардың емі бар ма?
– Коронавирустың штаммы табылған күннің өзінде оны емдейтін, вирусты өлтіретін дәрілер жоқ. Қазір даурыққан жұрт вирусқа қарсы препараттарды дәріханадан сатып алып жатыр. Бірақ оларды ішудің қажеті жоқ. Өйткені ол сол вирусты өлтіреді деген әңгіме емес. Ғалымдар коронавирусқа қарсы вакцина табылғанын айтуда. Дегенмен ол алты айдың ішінде дайын болады. Сынама ретінде жануарға салып көрген соң ғана бір жарым жылдан соң қолданысқа енеді. Ал ол кезде вирустың тіршілігі сақталмауы мүмкін. Мысалы, қызылша, менингит сияқты басқа ауруларға қарсы вакцина бар. Себебі олардың қоздырғышы айқын. Тіпті қарапайым тұмауға қарсы вакцина жасалмайды. Өйткені биыл болған тұмаудың штаммы келесі жылы өзгеріп кетеді. Сондықтан да олардың нақты емі жоқ.
– Әртүрлі ауруларға қарсы вакцина салдырып отырғанымыз абзал ма?
– Негізі вакцина салдыруға ешкімді міндеттемейді. Бірақ ол адамның өз жауапкершілігі. Вакцина салдыру арқылы көптеген аурулардың алды алынуда.
– Қытай коронавирусты қолдан жасаған деген қауесет тарап жатыр. Бұған не дер едіңіз? Жалпы вирусты қолдан дамытуға бола ма?
– Мен дәрігермін, сол себептен саяси жағын айта алмаймын. Коронавирус әдейі ойлап табылды ма, жоқ па оны ешкім білмейді. Қазіргі заманда ғалымдар вирусты дамыту емес, онымен күресу жолында. Ал медициналық тұрғыдан айтатын болсам, вирусты да қолдан жасауға болады. Бірақ ол үшін аса үлкен лаборатория қажет.
stan.kz