Коронавирустан қайтыс болған он екінші науқас туралы тың дерек шықты

0

1936 жылы туған ер адам ауруханаға ауыр халде түскен, кейін жағдайы нашарлай бастаған. Науқас жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылды

НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Ақмола облысында вирустан көз жұмған төртінші адам әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қамқорлығында болған. Бұл туралы Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«13 сәуірде 1936 жылы туған ер адам көз жұмды. Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қарауында болған. Бесінші сәуірден бастап пациент Көкшетау теміржол ауруханасында провизорлық стационарда карантинде жатқан. 9 сәуірде расталған диагнозбен Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспенсердің инфекциялық бөліміне жатқызылды», — деді басқарма басшысы Сүлен Ілясов онлайн брифингте.

Оның айтуынша, науқас ауруханаға ауыр халде түскен, кейін жағдайы нашарлай бастаған. Науқас жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылды.  

Ақмола облысында коронавирус індетінен бір адам көз жұмды

Ер адамға өте ауыр дәрежедегі екі жақты пневмония, вирустық этиологияның асқынуы диагнозы қойылған. Мұнымен қоса артериалды гипертензия, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, жүректің ишемиялық ауруларымен ауырған.

Қазір Ақмола облысының стационарларында 347 пациент жатыр, соның ішінде инфекциялық бөлімде 67, провизорлық стационарларда 184, карантиндік стационарларда 96 адам. 662 адам үй карантиніне алынды.

Ақмола облысында қауіпті вирустан барлығы төрт адам көз жұмды. Соңғы дерек  бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 979 адамға жетті.

Өңірлер арасында антирекордты Нұр-Сұлтан (257 адам), Алматы (172) және Қызылорда облысы (119) бастап тұр. Індеттен барлығы он екі адам қайтыс болды. 110 науқас дертінен айықты.



sputniknews.kz