Коронавирустан қайтыс болған елордалық әйел дәрігер болып жұмыс істеген

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Алпыс екі жастағы дәрігер зейнетке шықса да, жекеменшік медициналық ұйымда қызмет еткен. Республикада барлығы 34 адам вирустан көз жұмды

НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр – Sputnik. Нұр-Сұлтанда коронавирустан көз жұмған пациент дәрігер болып істеген.

Бұл ақпаратты Sputnik Қазақстанға астананың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы растады.

«Иә, бұл рас. 1958 жылы туған дәрігер қайтыс болды. Ол жекеменшік медицина ұйымында қызмет еткен. Зейнетке шықса да, жұмыс істеп жүрген еді», — деп мәлімдеді басқармадан.

Марқұмға қатысты басқа ақпарат әзірге хабарланбай отыр. Сағат 15.00-де елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың брифингі өтеді.

Бұған дейін 13 мамырда астанада індетке шалдыққан екі науқас көз жұмғаны хабарланған еді: 1958 жылғы әйел және 1977 жылғы ер адам.

Қазақстанда коронавирус барлығы 34 адамның өмірін қиды.

 

 

 

 



sputniknews.kz