«Коронавирустан өлгендердің санын әдейі көбейтеді»: Министрлік ағасының қазасынан кейін наразылық білдірген әйелге жауап берді — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматы тұрғыны Ләззат Дүйсембекова 58 жастағы ағасының коронавирустан көз жұмғанына сенбейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме беріп. 

Оның айтуынша, жарты жылдан бері бауыр циррозына шалдыққан ағасы ауруханаға түсіп, одан бірден СOVID-19 вирусы табылыпты. Бірақ марқұмның туыстары тест қорытындысын көрмегендіктен, ағасының вирус жұқтырғанына сенбейді.

«Тез болып кетті. Анализ тапсыртқызып, «коронавирус» деп тез анықтап, тез жұқпалы ауруханаға ауыстырды. Соның бәрі көкейіме күдік тудырды. Сап-сау болып, коронавирус белгілері анықталса түсінер едім. Бірақ бұл өзі бауырымен әлек болып жүрген адам. Тест қорытындысын да көрмедік. 24 күні таңғы сегізде қайтыс болғанын естідік», — деді Ләззат Дүйсембекова.

Әйел СOVID-19 вирусынан көз жұмғандардың санын қолдан көбейту – барып тұрған бассыздық екенін атап отты.

Бұдан басқа,  әлеуметтік желіде де «ажалы басқа аурудан келсе де, коронавирус құрбаны деп жазады» деген әңгіме тараған.

Алайда денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство өкілдері өліммен аяқталатын оқиғаларды арнайы комиссия зерттейтіндіктен, ондай жайтқа жол бермейміз деп нық айтты.

«Комиссия шешімімен, азамат, өкінішке қарай, көз жұмса, ол неден көз жұмды, бойында коронавирус індеті болды ма, әлде басқа аурулар болды ма, қан қысымы, диабеттен көз жұмды ма, осының бәрін зерттейді. Арнайы протоколмен шешім шығарады. Коронавирус індетінен қайтыс болса, коронавирус деп жазылады», — деді денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.

Жауапты министрлік коронавирус жұқтырған кез келген науқас мүлдем басқа аурудың диагнозымен жүрегі тоқтауы мүмкін екенін атап өтті. Соған қарамастан, қанында вирусы бар марқұм арнайы полигонға жерленеді. Статистикаға да тек коронавирустың кесірінен көз жұмғандар ғана кіреді. 

Бұған дейін Ләззат Дүйсембекова ағасының жерлеу рәсімі туралы баяндап, наразылығын білдірген еді.

stan.kz